Газа секторының солтүстігіне 400 мың тұрғын оралды

Осы аптада Газа секторының солтүстік өңірлеріне 400 мыңға жуық палестиналық оралды, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ көбінің баспанасы жоқ. Атыс-шабыстан үйлердің дені қираған. Оралғандар шатырдың астында күнелтуге мәжбүр. Қазір соның өзі тапшы. Қайтып келген палестиналықтарды жайғастыру үшін 135 мың шатыр қажет. Өңірде тек үйлер ғана емес, инфрақұрылым нысандары қатты бүлінген. Таза ауызсу тапшы. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, үйлеріне келген кейбір тұрғындар Газаның орталық бөлігіне кері қайта бастаған. Осы аптаның басында Израиль әскері палестиналықтарға Газа секторының солтүстігіне оралуға рұқсат берді. 15 ай бұрын атыс-шабыс үдей түскенде бұл жерден 650 мыңдай адам кетіп қалған.