Грузияда «хачапури индексі» рекордтық көрсеткішке жетті

Грузияда инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, азық-түлік тағы қымбаттады, деп хабарлайды 24kz.

Осы елдің ұлттық асы хачапури де қымбатшылыққа мойынұсынған. Грузиндер мұның себебін импортқа тәуелділікпен байланыстырады.

Хачапури – грузин асханасындағы ең танымал тағам. Сұраныс көп болғандықтан одан түсетін жалпы кіріс ел экономикасына оң ықпал етеді. Мәселен дәстүрлі имеретин деп аталатын хачапуридің бір тілімінің орташа бағасы 2,6 доллар. Бұл біздің ақшамен шамамен 1300 теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда 8%-ке қымбаттаған.

Татия Хидашели, Халықаралық экономика мектебінің ғылыми қызметкері:

- Азық-түліктің едәуір қымбаттағанын байқадық. Соңғы 10 жылда баға екі есе артты. Әсіресе, ірімшік қымбат. Бұл жергілікті импортқа тәуелділіктің ұлғаюымен тығыз байланысты.

Грузия тұрғындары үшін хачапури – қонақжайлылықтың символы. Дәстүрге айналған ұлттық тағам. Оның сан алуан түрі бар. Әрқайсысы өз аймағының терең мәдениеті мен дәстүрін айшықтайды.

Блиц 1:

- Хачапуриді кейде сатып аламын, кейде үйде өзім әзірлеймін. Өзім пісірсем әлдеқайда арзан шығады.

Блиц 2:

- Хачапуридің барлық түрін жақсы көремін. Бірақ қазір оның бағасы қымбаттап кетті. Ірімшіктің де, ұнның да бағасы шарықтап тұр.

Былтыр желтоқсанда Грузияда инфляция 1,9%-ке жетті. Бұл – соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткіш. Соның салдарынан азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы 4%-ке өсті.

Авторлары: Динара Орынтай, Юлия Тужилкина