Өзбекстанда бензин бағасын жанармай құю станциялары белгілейді

Осы айда Қазақстаннан Өзбекстанға жер астымен заңсыз бензин тасмалдаған екі бірдей ұйымдасқан топ ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Күдіктілер күніне 6-7 тонна жанармайды көрші елге құбыр арқылы жөнелтіп отырған.

Біздегі арзан дүниені өзгелер, осылайша, түрлі жолдармен тасып жатыр. Жалпы Өзбекстанда бензин бағасы бізге қарағанда екі жарым есе қымбат. Сондықтан әлігдей заңсыз әрекеттер шекара бойында жиі болады.

Дулат Нуркин, тілші:

- Өзбекстанда Аи-80 бензині жүргізушілер арасында жоғары сұранысқа ие. Сапасы төмен болғанымен, бағасы қолжетімді. Жанармай бекеттерінде ол 8307 сум, яғни, біздің ақшаға шаққанда 331 теңгеден сатылады. Ал Аи-92-нің бағасы 435 теңгеге тең. Жоғарғы сапалы Аи-98-дің құны біздің валютамен 657 теңгеге дейін барады.

Бір қызығы, бұл елде жанармай бекеттері биржаға өздері қатысып, оларға құнды белгілеу құзыреті берілген. Мемлекет баға саясатына араласпайды. Елдің Энергетика министрлігі 2020 жылы бензинді еркін саудаға жіберген.

Әлбетте жанармай бекеттері ойына келген бағаны қоя алмайды. Өйткені бәсекелестік жоғары. Дизельдің құнына да тоқталғым келіп тұр. Ташкентте оның литрі 358 теңгеден басталып, кейбір бекеттерде 498 теңге көлемінде саудаланады.

Айта кету керек, Өзбекстанда Аи-80 бензині жыл соңына дейін сатылымнан шығарылады. Ала шапанды ағайындар еуро-4 экологиялық стандартына өту үшін осындай қадамға барып отыр. О баста Еуро-4 стандартына көрші ел 2028 жылы ауысуы керекті. Алайда елдегі экологиялық ахуал мен жасыл экономикаға басымдық берілгеннен кейін бағдарлама жеделдетілді. Егер Аи-80 сатылымнан шығарылса, жүргізушілердің қалтасы қағылары анық. Елде көп көлік газбен жүретінін де ескеру керек. Алайда салыстырмалы түрде қарасақ, метанның да бағасы анау айтқандай арзан емес. Литрі 157 теңгеден сатылады. Көрші елдегі жанармай бағамы осындай. Егер Өзбекстанға көлікпен саяхаттауға ниеттенсеңіз, артық ашқа алып, мұндағы бензин бағасының жоғары екенін ескергеніңіз жөн.

Авторы: Дулат Нуркин