БАӘ Жамбыл облысында жел электр станциясын салады

Біріккен Араб Әмірліктерінің әлемге әйгілі «Masdar» компаниясы Қазақстанға 1,4 млрд долларға жуық инвестиция құяды.

Бұл қаржыға Жамбыл өңірінде жел электр станциясы салынады. 

Қазақстан мен әмірлік арасындағы жаңа уағдаластыққа Президенттің таяуда Абу Дабиге жасаған сапары кезінде қол жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев сол жолы алпауыт инвестормен жеке кездесіп, келіссөз жүргізген.

Біріккен араб әмірліктері үшін жаңартылған қуат көздерін игеру таңсық дүние емес. Шағыл һәм барқан құмда желден де, күннен де энергия өндіріп жатыр. Осы істің негізін әлемнің 40-қа тарта мемлекетінде «жасыл» жобаларды жүзеге асырған «Masdar» компаниясы қалаған. Ал ол өз кезегінде инвестициялық әлеуеті 300 млрд долларға пара-пар «Mubadala»  қорына тиесілі.

Абдулла Заед, «Masdar» компаниясы бизнесті және жобаны дамыту департаментінің директоры:

- Қазақстан энергетика саласында батыл қадамдар жасады. Әсіресе өндірісті көмірқышқыл газынан арылту мен «жасыл» және жаңартылатын қуат көзіне көшу бағытында біраз шаруа атқарылды. Сондықтан кейінгі 2 жылдан бері жергілікті серіктестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Олар біздің ұсыныстарымызды қолдады және нәтижелі іске асуына бар күш-жігерін жұмсап жатыр.

Компания ғаламдық мақсат-міндеттерді көздеп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл іске бастапқыда миллиардтаған доллар жұмсалғанымен, кейін қайтарымы мол болады. Бастысы баламалы қуат көзі белгілі бір шикізатқа тәуелділікті төмендетіп, энергетикалық тепе-теңдікті сақтауға септігін тигізеді.

Абдулла Заед, «Masdar» компаниясы бизнесті және жобаны дамыту департаментінің директоры:

- «Масдар» сөзі араб тілінен аударғанда қайнар немесе бұлақ деген мағынаны білдіреді. Соған сай біздің компания ғаламдық жаңғыртылған энергия өндірісінің қайнар көзі болуға мүдделі. Атап айтар болсақ, 2030 жылға қарай генерациямыздың жалпы мөлшерін 100 гигаватқа жеткізуді жоспарладық. Осыдан 3 жыл бұрын көрсеткіш бар болғаны 20 гигават еді. Қазір 51-ге жетті. Демек алдағы бес жылда сол қуаттылықты екі есе арттыратын мүмкіндігіміз бар.

«Masdar» мамандары Қазақстандағы станция құрылысын келер жылдың алғашқы тоқсанында бастауды жоспарлап отыр. Бұл ауқымды шаруаның жай-жапсары таяуда Қазақстан Президентінің Абу Дабиге жасаған сапары кезінде талқыланды. Әмірлік тарапы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл өңірінде салынатын станцияның қуаттылығы 1 гиговат болатынын және шамамен 300 мың үй энергиямен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Әрі жобаның оңтүстік өңірлердегі электр қуаты жетіспеушілігін реттейтіні, сонымен қатар оған 1,4 млрд долларға жуық инвестиция құйылатыны атап өтілді.

Диас Қамалиев, «Masdar» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері:

- Осы жел электр станциясына қатысты жұмыстарды жүйелеу маған тапсырылған. Бұған дейін айтып өткендей, станцияның жалпы қуаттылығы 1 гиговатқа тең болады. Оның аясында 600 мегават-сағат электр қуатын сақтауға арналған батареялық кешен іске қосылады. Жоба Орталық Азияда баламалы энергия өндіретін ірі өндіріс ошақтарының бірі атанады. Ауқымды бастаманы «W Solar» мен «Самұрық-Қазынаға» қарасты «Qazaq qreen Power» және «Қазақстан инвестициялық даму қорымен» бірлесе жүзеге асыра бастадық.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жалпы бұл Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында іске асырылып жатқан жобалардың бірі ғана. Соған қарамастан ең ауқымдысы және маңыздысы саналады. Бір айта кетерлігі, «Masdar» әмірлік үкіметіндегі серіктестерімен кез келген елге осынша көлемде инвестиция құя бермейді. Тек өзара сенімге негізделген байланыс пен тұрақтылықты басшылыққа алып, жобаларын жүзеге асырады.

Рауан Мыңбаев