Үндістандағы штатта майонезге тыйым салынды

Ауру астан дейді қазақ.

Айтса, айтқандай күнделікті ішіп жүрген тамақтың қандай зияны барын денсаулығымыз сыр бергенде бір-ақ білеміз. Медицинада мұны "тағам интоксикациясы" дейді.

Марал: ДДСҰ-ның мәліметіне қарағанда әлемде жыл сайын әр оныншы адам астан ұшынады. 420 мың адам уақытылы ем алмай, мерт болады. Кейінгі деректерде ең қауіпті тағамның кәдімгі картоп пен майонез және фаст фуд екені ашық айтылып жүр.

- Иә, біз сүйіп жейтін барлық фастфудтың құрамында картоп та, майонез де бар. Бұл өнімнен келетін қауіп көп. Өлімге әкеп соғуы да мүмкін.

Картопты көп жеу қауіпті ме?

Ас деген адал болуы тиіс. Сөйте тұра адам көрсеқызар - әр ненің дәмін татқысы келіп тұрады. Қытырлақ чипсы, кола, сыра, тіпті арақтың да зиянын біле тұра ішеді жұрт. Былай қарасақ, бұлар тұрмақ күн астында көп тұрса көкөністен зиян көп екен. Картоп жарықта ұзақ тұрса, жасыл тарта бастайды. Бұл соланин токсинін түзеді. Улы қоспа жүйке жүйесін зақымдап, асқазан-ішек жолдарын бұзады. Улануға дейін жеткізіп, мұның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл піспеген картопқа қатысты. Ал дәл сол картоптан дайындалатын фри таяқшалары, тіпті зиян. Бір таба фри 25 қорап шылым шеккенмен тең. Оның құрамындағы шамадан тыс тұз, транс майлар салмақтың артуына әкеледі. Одан түзілетін акриламид химиялық қоспасы ағзада қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Әр екінші адам сүйіп жейтін чипстің де денсаулыққа кері әсері көп. Холестерин деңгейін көтеріп, жүрек, асқазан-ішек жолдары ауруына итермелейді. Ғалымдар қуырылған картоптан гөрі, үйде қайнатып, пісіріп жеген көкөністің зияны жоқ деген тоқтамға келген.

Франческо Бранка, ДДСҰ Департамент директоры:

"Трансмайлар бұл ірі қараның еті, сүтінде табиғи түрде кездесетін немесе өндіріс арқылы тағамға қосылатын май. Ол денсаулыққа тым зиян. Жүрек аурулары мен инсульттің негізгі себебі осы транс майды көп тұтынудан болады. Көшедегі тағамдарда жиі кездеседі. Транс майды тағамның дәміне әсер етпейтіндей, пайдалы май көзімен алмастыру қажет."

Майонез мың түрлі дертке себеп

Күнделікті түрлі тағамға қолданатын дәмдеуіш, майонез сальмонеллез ауруын тудырады. Оның қауіптілігі қаныққан май, трансмайлар, тұз және химиялық қоспасында. Асқа ерекше дәм беретін қоспа қандағы холестерин деңгейін арттырып, артық салмақ жинауға көмектеседі. Бұл жүрек, асқазан-ішек жолдары ауруларына әкеп соғады. Сорақысы, жұқпалы сальмонеллез ауруына ұшыратады. Өйткені оның құрамындағы шикі жұмыртқа ағзаны инфекцияға бейім етеді. Ішек құрылысын зақымдап, қабынуға әкеледі.

ЦИТАТА

Шрей Кумар Сривастав, сарапшы:

Майонезді бөлме температурасында тым ұзақ сақтау, бактерияның тез көбейіп, тамақтан улану қаупін арттырады. Бұл қауіп әсіресе, температураны бақылау мүмкін болмайтын жерлерде, көшедегі азық-түлік дүкендері немесе шағын асханаларда жоғары.     

Телангана билігі майонез тұтынуға тыйым салды  

Үндістан

Майонезді нанша жейтін үндістандықтар былтыр майлы қоспаны тұтынуды заңмен тыйып тастады. Бастама елдің Телангана штатында жүзеге асты. Үкіметтің бұл шешіміне тұрғындар арасында астан улану жағдайының артуы себеп. Тыйым күшіне енген бойда, тұтас штат бойынша майонезді өндіруге, сақтауға және сатуға шектеу қойылды. Енді жыл бойы тұрғындар майонезсіз тағам жеуді әдетке айналдырады. Сөйтіп, халық дұрыс тамақтануға бетбұрыс жасауы мүмкін дейді билік өкілдері.

Ең қауіпті тағам тізімін тағы жылдам дайындалатын фаст фуд толықтырып тұр. Фастфудты үнемі жеу созылмалы ауруды күшейтеді, салмақты арттырады. Жеңіл тамақ терінің күйіне де әсер етеді. Cosmetic and Investigational Dermatology журналының мәліметіне сәйкес, бұл өнім қандағы инсулинді жоғарылатып, артық дақ, безеуді көбейтеді. Ғалымдар аптасына үш реттен артық фастфуд-өнімдерді жегендердің ауыр экземаға шалдығу қаупі жоғары екенін анықтаған. Тағы оны көп пайдалану депрессия қаупінің жоғарылауына ықпал етеді дейді. Әсіресе, әйелдер мен семіздікке шалдыққан адамдарда жиі кездеседі.

Ғалымдар: Кешкі астан бас тартқан жөн

Күнделікті жеңіл тағам жеп, кешкі 9-дан кейін асханаға кірмеген жөн. Сонда ұзақ жасауға болады. Лондон Корольдік колледжінің ғалымдары кейінгі зерттеуінде осындай тоқтамға келді. Олардың айтуынша, кешкі уақытта тұтынылған тағамның сіңірілу процесі баяулайды. Бұл асқазан-ішек жолының жұмысын қиындатады. Ал жеңіл тағамды уақытылы тұтыну ағзадағы глюкоза мен майдың деңгейін жақсартады. Сапалы жеңіл тағамдар тізіміне жеміс-жидек, көкөніс пен жаңғақ өнімдерін жатқызыпты.

ЦИТАТА

Кейт Бермингем, Лондон Корольдік колледжінің зерттеушісі

Зерттеуіміз көрсеткендей, жеңіл тағамның сапасы оның мөлшері мен жиілігінен маңыздырақ. Сол себепті өңделмеген өнімнен гөрі сапалы жеңіл тағамды таңдау пайдалырақ.

Тағам тұтынуда үш өнімді шектеу қажет. Қант, тұз және май. Бұл мөлшерден тым көп болса, ағзаға қосымша ауру, сау басқа сақина тілеп аласыз. Тәртіппен таңдалған тағам сау әрі қуатты болуға көмектеседі.