Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін не өзгерді?

Ал бүгін Түркияда болған жойқын жер сілкінісіне тура екі жыл.

Зардабы зор зілзала 53 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Қаншама жан із-түзсіз жоғалып кетті. Екі жылда не өзгерді?

Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне екі жыл

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркия үшін 6 ақпан қаралы күн. Осыдан екі жыл бұрын елдің оңтүстік-шығысындағы Қахраманмараш провинциясында 7,7 балдық жер сілкінісі болып, мыңдаған кісінің өмірін жалмады. Жер асты дүмпулері елдің 11 провинциясында сезіліп, 14 млн тұрғын зардап шекті. Түрік билігі бұл жер сілкінісін «ғасыр апаты» деп атады. Зілзала кезінде шамамен 39 мың ғимарат қирады. Оның 26 мыңында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қаза болғандар арасында қазақстандықтар да болды. 

БЛИЦ:

  1. Апаттан кейін әр сәтте зілзала болатын секілді сескенемін. Кейде, қорыққаннан қимылдай алмай қалатын кездерім болады.
  2. Зілзалада кезінде үйінді астында қалып қойдым. Көршілерім келіп құтқарды. Оларға өмір бойы алғыс айтып өтемін.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Билік табиғи апаттан кейін зардап шекккендерге жан-жақты қолдау көрсетіп, әр отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Үйлердің алғашқы легі зілзаладан 45 күннен кейін табысталды. Ғимараттардың басым бөлігі 4-5 қабат. Мамандардың айтуынша, тұрғын үйлер 9 баллдық жер сілкінісіне төтеп беруге қауқарлы.

Мұрат Курум, Түркияның Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:

- 201 мың үйдің кілтін тапсырып жатырмыз, үйлердің 45% салынып бітті. Осы жылдың соңына дейін барлық үйлерді бітіреміз. Олардың жалпы саны 450 мың. Үй-жайсыз бір де бір жан қалмайды.

- Жер сілкінісінен кейін контейнер қалашыққа орналастық. Оңай болған жоқ. 20 айдан кейін пәтер кілті табысталды. Ол күнді айтып жеткізе алмаймын. Жаңа үйде мұндай қасіретті көрмеуді нәсіп етсін.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Жалпы күні бүгінге дейін 5 миллионға жуық адам баспанамен қамтамасыз етілді. Бүгін осы зілзала болған күнге байланысты өңірде орта және жоғарғы білім беру орындарында бір күндік демалыс жарияланды. Аймақ тұрғындары жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алып, дұға жасайды.

Меруерт Қанағат