Кішкентай құсбегі Нұрасылдың арманы
Астананың іргесінде кішкентай құсбегі өсіп келеді.
5 жасар Нұрасыл биялайға қондырған қаршығасының балақбауын ағытып, томағасын өзі сыпырады. Серікбек Күнтуған өз әкесінен үйренген құсбегілік өнерге енді балаларын баулып жүр. Кішісі Нұрасыл қазір қаршыға баптаса, көп ұзамай қыран ұстайтын болады.
Нұрасыл Серікбек, жас құсбегі:
- Мен Серікбек Нұрасылмын, менің жасым 5-те. Мен садикке барамын. Мен папам, ағам сияқты өскенде, бүркітші боламын. Қаршығамен келесі жылы бірінші орын аламын.
Кішкентай Нұрасыл қаршығасын өзі баптап, өзі ұшырады. Балабақшадан келісімен, әкесінің соңына ереді. Енді бірер жылда үлкен ағасына ұқсап көк аспанда қыранды қалықтатқысы келеді.
Серікбек Күнтуған, құсбегі:
-Бұл енді жеңіл құс Қаршығаны ұстап үйреніп жатыр. Үлкейгенде бүркітке көшеді. Бұларда біз сияқты, біз әкемізден кішкентай кезімізде көз ашқалы бері бүркітті көріп өстік. Бұларда сол сияқты. Көзін ашқаннан құсқа үйреніп қалған. Нұрасыл Алла бұйырса қаршығамен үйреніп жатыр. Ерасыл балам да осылай кішкентай кезінде үйренген.
Ерасыл Серікбек, жас құсбегі:
-Әкемнің қасында жүріп бала кезімізден бері бүркіт ұстап, қаршыға ұстап, талай жарыстарға шығып жүрміз. Ұрпақтан ұрпаққа осы спортты жалғастырып жүрміз. Бұл бүркіттің бабын біліп алу керек. Бұл қандай бүркіт, барлық бүркіттер бірдей емес. Жаңадан үйретілген бүркіттерді ақырындап қолға ұстап, ет беріп, алыстан ұшырып қоянға салып үйретеді.
Серікбек Күнтуған 4 бірдей қыран құс ұстайды. Әрқайсысын әредік қырға шығарып, ұшырып отырады. Бүгін қансонар емес. Жел ұйытқып тұр. Әйтсе де құс бабында тұруы үшін құсбегі Қарашолақ пен Алғырды далаға алып шықты.
Серікбек Күнтуған, құсбегі:
-Бұл Алғыр деген құсым. Негізі жастары бұлардың балапан, тірнек, тастүлек, мұзбалақ ары қарай қана, ана деп кете береді. Мынау ана 6 жасқа келген. Тегеурін деген – мына тырнақ. Ал мынау жембасар, сығым және ілім деп аталады. Наурызда күн жылығанда, түлекке қоя бастаймыз. Түлекке қойғанда, тамағын үзбей береміз. Бұлар күзге дейін жүндерін ауыстырады.Ұшпай осында отырады.
Құсбегі қыран құстарын ақпан айында Өскемен қаласында өтетін ел чемпионатына дайындап жатыр. Бұған дейін де талай жарыста құс салып, жүлде алған.
Құстың ішінде үлкені – марқұм әкесінен қалған 28 жастағы Ақшолақ. Бірнеше рет босатып еркіндікке жіберген екен. Бірақ көп ұзамай қайтып оралады. Күзге салым түлектен шыққанда, байрақты бәсеке Дүнижүзілік көшпенділер ойынына бүркіт қаршыға қоспақ.
Бағдат Мүптекеқызы, Республикалық Құсбегілік федерациясының вице-президенті:
- Біздің еліміз үшін өте үлкен жауапты кезең – келесі жылы дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Қыран құстар бойынша 3 түрі бар. Бүркіт, Қаршыға, Ителігі. Сондықтан біз құстың 3 түрі бойынша әрқайсысынан 3-тен жарысқа іріктеп аламыз. Оны осы оқу жаттығу ойындары кезінде содан биыл жыл бойы тек ғана 1 орын алған 3 түрі бойынша солардан іріктейміз.
Құсбегілік – ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан балаға мирас болған өнер. Ертеде қыранды үйір жылқыға айырбастаған. Абайдың 5 құлынды бие беріп алған Тулақтың шолағы бұған дәлел. Қыран құс тұтас ауылды асыраған деген әңгімелер де айтылады. Сол себепті бұл өнердің тарихы да қасиеті де бір төбе.
Авторлары: Әлішер Әли, Мейрам Жүнісов