Дидахмет Әшімханұлының публицистикалық еңбектері екі том болып жарық көрді

Қазақ публицистикасы тағы бір қазынамен толықты. Биыл ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгер, баспасөзде ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Дидахмет Әшімханұлының туғанына 75 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Дидахмет Әшімханұлының публицистикалық еңбектері 2 том болып жарық көрді. 40 жылға жуық уақыт ішінде газет-журналдарда жарияланған мақалалары мен сұқбаттары топтастырылған бұл жинақ жазушының өрелі ойы мен өрнекті сөзін айғақтайтын шежіре іспетті. Еңбектің жарыққа шығуына қаламгердің ұлы ұйытқы болды. Ол әкесінің мол мұрасын жинақтап, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, қос томдықты оқырманға ұсынды. Кітаптың тұсаукесерінде ақын-жазушылар мен әдебиетші ғалымдар қаламгердің өнегелі жолына тағзым етіп, рухани мұрасының мән-маңызына тоқталды.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:

- Мына публицистикалық шығармалары сол Қазақ әдебиетінде жүргенде, Түркістанда, сосын жаңағы «Заман Қазақстан» деген газеттерде жұмыс істеп жүрген кезіндегі жазған мақалалары, ойлары, эсселері, сол кездің тілімен айтқанда очерктері кірген. Сондықтан бұл публицистика мен көркем әдебиетті мейлінше жақындатуға тырысқан бір жазушы болса, ол Дидахмет деп айтамыз.