Алматыда «Өзбекәлі» қойылымының премьерасы өтті

Алматыдағы «Жас сахна» театрында «Өзбекәлі» қойылымының премьерасы өтті.

Көрермен ұлт рухын оятқан, қазақ өнерін биікке көтерген, тарихта өшпес із қалдырған тұлғаның тағдырын сахнадан көру мүмкіндігіне ие болды.

Өзбекәлі Жәнібеков ұлтының болашағы үшін күрескен мемлекет және қоғам қайраткері. Оның есімі қазақтың мәдениеті мен өнерін қайта түлеткен ұлы тұлғалардың қатарында. Ол қасиетті Тайқазанды туған жерге қайта әкеліп, Наурыз мерекесін ұлтпен қауыштырып қана қойған жоқ, солтүстік аймақтағы ауылдарды өз аяғымен аралап, қазақ мектептерінің ашылуына, қалаларда театрлардың ашылуына себепкер болды. Драмалық қойылым дара тұлғаның қайраткерлік жолын суреттейді.

Берікхан Төкенов, қоюшы режиссер:

- Тұлға, кешегі мәдени майдан дейміз ғой, мәдени майдан әлі де жалғасуда. Ол кісінің істеген ісін істеп жатырмыз ба, жастар біліп жатыр ма, білмей жатыр ма? Біз бір спектакльмен Өзбекәлі Жәнібеков туралы ештеңе айта алмаймыз. Біз кішкентай ғана процентін айтуымыз мүмкін. Түсірілетін кинолар болу керек, айтылу керек, мен айтар едім, мектепке де программаға енгізу керек ол кісі туралы. Жас ұрпақ білу керек. 

Спектакль «Мәдени майдан» кітабының желісімен қойылған. Сценарий авторы Жандос Құсайынов. Драманы сахналауға төрт ай уақыт кетті, дейді шығармашылық топ өкілдері. 

Диас Жағыпаров, актер:

- Бұл рольді алып шығу өте қиын болды. Менің үш ай уақыт дайындығым, Өзбекәлі әкеміздің көп жасаған еңбектеріне көз жүгірттім. Тайқазан болсын, қай мәселені алып шығу ол кісі үшін қиын болған. Сол кісінің жасаған еңбегінің бір пайызын көрсете алсам мен үшін бақыт деп ойлаймын. 

«Өзбекәлі» қойылымы бір адамның өмір жолы ғана емес. Бұл жастар үшін бағдаршам болар туынды. Одан әр көрермен өзін ойландырған сұраққа жауап таба алатыны сөзсіз. 

Әзел Жәнібек, Ө.Жәнібектің немересі:

- Қойылым бұл жастардың көзқарасы. Сондықтан да бұл тек қана атамыздың өмір жолы қызметі жасап кеткен еңбектерінен ғана сыр шертіп қоятын қойылым ғана емес, сонымен қатар ертеңгі күні жас ұрпаққа тарихымызды мәдениетімізді тереңірек зерттеуге түрткі болады деп сенемін.

«Өзбекәлі» драмасы қазан, қараша, желтоқсан айларында ел аймақтарындағы театрларда қойылады. 

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев