Ташкентте Мұстафа Шоқай жайлы кітап жарық көрді

Ташкентте Мұстафа Шоқай жайлы кітап өзбек тілінде жарық көрді. Туындыда Түркістан идеясы үшін күрескен тұлғаның мақалалары мен Еуропа архивтерінде сақталған бірегей құжаттары жарияланған. Алаш қайраткері жайлы кітапты Өзбекстанның тарихшы ғалымы, аудармашы Назарбек Рахим тәржімалады. 

Өзбекстанның ұлттық кітапханасында өткен шараға түркі дүниесін түгендеп жүрген ғалымдар мен соған тілеулес жандар қатысты. Азаттық үшін күрескен Мұстафа Шоқай тұлғасы бауырлас халықтар үшін еркіндіктің символы. Кітап өзбек тіліне латын және кириллица алфавитінде аударылды.

Назарбек Рахим, тарих ғылымдарының кандидаты, аудармашы:

- Жалпы осындай кітаптарды аудару, бір не бір жарым жылға дейін созылатын ұзақ процесс. Алайда маған Мұстафа Шоқай жайлы жазылған туындының қызық болғаны соншалық, үш айдың ішінде өзбек тіліне тәржімалап, баспаға тапсырдым. Шығармада көптеген тағдырлар мен халықтың басынан өткерген қилы кезеңі суреттелген. 

Кітап авторы түрколог ғалым Әбдуақап Қара туындыны жазуға ұзақ жыл арнаған. Еуропа архивтерін аралап, саяси тұлғаның жүріп өткен жолын, жазған еңбектерін жинаған. Алдағы уақытта кітап қырғыз тілінде жарық көрмек.   

Сағат Тайман, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Шығармаларының ішінде таңдамалы 40-қа жуық негізгі мақалалары өзбек тіліне аударылып шықты. Бұрын қазақ халқы ғана білетін болса енді, түркі халықтары да оның еңбектерін оның кім екенін таниды.

Өзбекстан тарапынан кітап авторымен Мұстафа Шоқай еңбектерін түгендеп жүрген Қазақстандық ғалымдарға сияпат көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.