Ақтөбелік оқушылар асықтан үй тұрғызды
Талантты жеткіншектер елдің түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам асық жинаған.
Қойдың сүйегінен жасалған үй қаладағы білім ордаларының бірінде тұр. Қолөнер туындысын «Туған жерге – тағзым» экспедициясының мүшелері жасап шығарды.
Асықтан жасалған киіз үйдің биіктігі – 80 см, диаметрі – 1 метр. Салмағы – 15 келі. Қой сүйегінен соғылған қолөнер туындысын оқушылар көшпенділер баспанасының шағын көшірмесіндей еткен. Тіпті шаңырағына дейін асықтан өрілген.
Ғани Телағыс, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
-Осы киіз үйді жасау барысында бізге 4 мыңға жуық асық жиналды. Оқушыларға оңай болуы үшін алдын ала картоннан біздер каркасын жасап қойдық. Және оқушылар өздерінің алып келген асықтарымен топ-топпен бөлініп, барлығы өздерінің үлесін қосты.
Асықтан өрілген үйді Ақтөбе, Тараз, Өскемен және Астаналық оқушылар жасап шығарды. «Туған жерге — тағзым» экспедициясында бас қосқан жеткіншектер асықтарды өзімен бірге ала келген. Бірлік пен ынтымақтың жемісі болған ерекше туындыны балалар Абайдың 180 жыл мерейтойына арнаған.
Қайырбек Буксукбаев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:
-Ұлттық ойындар, басқа да мына мәдениетіміздегі бар нәрселер қазір ұмытылмас үшін осы процестерді жандандырып отырамыз. Себебі мектеп деген тек қана білім беру ордасы емес, ең біріншіден, тәрбиемен қоса оқушылардың эмоционалды, психологиялық, әлеуметтік дағдыларын да дамыту өте өзекті.
Ұлттық болмыстың айнымас бөлшегіне айналған асық ойыны бұл мектептің оқушылары үшін таңсық емес. Дәліздің бір бұрышында дайын алаңы да бар. Үзіліс кезінде сақасын сайлап келген балалар асық ойынын қыздыруды әдетке айналдырған.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов