Ақтөбеде «Салбурын» сайысы өтті
Ұлттық спорт түрлерінен байрақты дода «Сыбаға» дәрстүрлер фестивалі аясында ұйымдастырылған.
Кешегі сал-серілердің ізбасарлары құмайға шырға тартып, қоянға бүркіт салды. Өңірде асық атудан халықаралық турнир өтті.
Ерлер командасы дәстүрлі шеңберде мергендіктен сынға түссе, қыздар «бес тастан» ең ептісін анықтады. Қазақтың байырғы балалар ойыны ЮНЕСКО ұсынған адмазаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген. Кең насихатталып жүр. Асық атудан халықаралық додалар да ұйымдастырылады. Бүгінгі ашық біріншілікке Қазақстаннан бөлек Ресей, Моңғолия, Пәкістан, Үндістан және Румыния елдерінің командалары қатысты.
Шүкір Мәлік, асық атудан Моңғолия құрамасының мүшесі:
- Моңғолиядағы қазақтар арасында осы ұлттық спортымызды, ұлттық ойынымызды көбірек ойнаймыз десек те болады негізі. Жастар арасында қатты дамып келе жатыр. Себебі жастар арасында қатты қызғушылықпен ойналып жатыр да.
«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің үшінші күні ипподромда жалғасын тапты. Мұнда саятшылар мен құсбегілер сынға түсті. Баптаған бүркіт иесіне дер кезінде оралуы тиіс. Құмай тазыға шырға тартып жүйрігін анықтады. Қазанат мінген палуандар көкпар тартты.
Азат Жөкен, облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:
- Жаппай көкпарға 50 шақты шабандоз-палуандарымыз жиналып қалды. Облысымызға белгілі шабандоздар барлығы. Оның ішінде аударыспақтан әлем чемпиондары, Қазақстан чемпиондары бар. Құсбегіліктен 8 қатысушы жиналып отыр. Тазылардан 20 шақты. Бұл жерде іріктелген тазылар. "Мыңнан бір жүйрік. Дала сынағы" жеңімпаздары.
Дәстүрлі спорт түрлері дәріптелген «Салбурын» сайысы өңірде екінші рет өтті. Ауқымды шара қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған. Жүзден астам спортшының басын қосқан дүбірлі додамен үш күнге созылған “Сыбаға” ұлттық салт-дәстүрлер фестивалі мәресіне жетті.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов