Домбыра мен сазсырнай Бельгиядағы мұражайдың төріне қойылды
Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыка аспаптары мұражайының төріне қойылды. Бастамаға Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымы ұйытқы болды.
Бұл қадам екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтуға сеп болмақ. Сыйға тарту рәсімінде Алматы облысының «Құлан саз» ансамблінің музыканттары қазақ күйлері мен әуендерін орындап, домбыра мен сазсырнайдың табиғи үнін тыңдатты. Енді қос аспап мұражайдың тұрақты қорына енгізіліп, цифрлық форматта да қолжетімді болады. Мұражайдың негізі 1877 жылы қаланған. Ол Корольдік өнер және тарих мұражайларының құрамына кіреді. Шамамен 8 мың музыка аспабынан тұратын бай коллекциясы бар.
Саския Виллаерт, Бельгия корольдік музыка аспаптары музейінің өкілі:
- Біз шын жүректен ризамыз. Бұл аспаптар мұражай қорын байытып, келушілерге әлемнің тағы бір жарқын музыкалық дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Қазақстанға осы бағалы сыйы үшін алғыс айтамыз және домбыра мен сазсырнайды жұртшылықтың назарына қуана ұсынамыз.