Композитор Рахат-Би Әбдісағин Нидерландта өнер көрсетті
Нидерландта қазақстандық композитор Рахат-Би Әбдісағинның фортепианолық концерті өтті.
Шараға қызығушылық танытқандардың қарасы көп, залда ине шаншар жер болмады. Отандасымыз кванттық механикадағы айтулы оқиға - электрон спинының ашылуына 100 жыл толуына арналған симпозиумға құрметті қонақ ретінде қатысып, Еуропа жұртшылығына өз өнерін паш етті.
Қазақстандық композитор, пианист әрі зерттеуші-ғалым Рахат-Би Әбдісағин Нидерландтағы симпозиумға арнайы қонақ ретінде шақырылып, фортепианода жеке концерт берді. Бұл симпозиум БҰҰ бекіткен кванттық механиканың 100 жылдығына арналған әлемдік іс-шаралар легінің бір бөлігі. Мерейлі дата аясында әлем елдерінде конференциялар, көрмелер және Нобель сыйлығының лауреаттары қатысатын ірі кездесулер өтіп жатыр. Композитордың еуропалық туры Нидерландтағы тарихы бай Лейден қаласының Лейден университетінде қорытындыланғаны ерекше символикалық мәнге ие. Өйткені дәл осы оқу орнының қабырғасында бір кездері әйгілі физик-теоретик Хендрик Ант он Лоренц қызмет еткен. Сондай-ақ ғасыр бұрын Лейден қаласында алғаш рет "электрон спины" ұғымы пайда болды. Осылайша Рахат-Би Әбдісағиннің шығармашылық концерті арқылы Қазақстан кванттық механиканың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге елеулі үлесін қосты.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор:
- Менің концертім - классикалық музыканың 300 жылдық эволюциясының көрінісі. Оған Бах, Бетховен, Моцарт, Шопен, Лист, Скрябин және өзімнің шығармаларым енді. Бұл шара кванттық механиканың 100 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге Қазақстанның қосқан үлесі.
Рахат-Бидің сахнаға шығуын көрермендер қошеметпен қарсы алды. Бұған дейін ол Испания мен Норвегияда концерт беріп, ғылыми конференцияға қатысты. Ал Лейдендегі Лоренц атындағы институтта ұйымдастырылған дәріс Лоренц медалін табыстауға арналған шара аясында өтті. Айта кету керек, Лоренц медалі маңыздылығы бойынша Нобель сыйлығынан кейін екінші орында. Бұл шараға 4 спикер қатысты. Соның бірі Рахат-Би Әбдісағин. Талантты музыкант өзінің кітабы бойынша дәрістер мен музыкалық бағдарламалар ұсынды. Қатысушылармен өз тәжірибесімен бөлісіп, кванттық механика және авангардты музыка бағыты бойынша пікір алмасты.
Сенс Ян Ван Дер Молен, жаратылыстану ғылымдарының профессоры:
- Оның орындауы маған керемет әсер қалдырды. Өйткені ол концерттің әр бөлігін қалай қабылдауды, негізгі идеясы не екенін егжей-тегжей түсіндіріп отырды. Әр шығарманың өзіне тән терең мағынасы бар. Сондықтан біз үшін оны бақылау қызық болды. Осындай ауқымды шараның жүргізушісі болу – мен үшін үлкен құрмет.
Вим Ван Саарлос, теориялық физика құрметті профессоры:
- Кеш ерекше өтті. Музыка мен жаратылыстану ғылымдарының бір арнаға тоғысуы сирек кездесетін ғажап көрініс. Концертте ХХ ғасырдың революциялық шығармалары орындалды. Сондай-ақ Моцарт, Бах, Шопеннің туындыларын да тыңдадық.
Қараша айының соңында Рахат-Би Әбдісағин Оксфорд университетінде әлем бойынша алғашқы кванттық симфонияның тұсаукесерін өткізді. Бұл оқиға «қазақтың Моцарты» атанған өнерпаз үшін тың тәжірибе болғаны анық. Екі жыл бұрын ол Оксфордтағы Вольфсон колледжінің шақыруымен зерттеу жүргізіп, кванттық механика мен академиялық музыканың өзара байланысына арналған кітап жазды.
Мөлдір Жақан, Әйгерім Ардаққызы