Өзбекстанда Шәмші әндері шырқалды

Өзбекстанда тұратын қандастар Шәмші әндерін шырқады. Көрші елдің қазақтар көп шоғырланған Жоғарғы Шыршық аймағында қазақтың атақты сазгері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ән байқауы өтті. Оған оннан астам өнерпаз қатысып, композитордың мәлім де беймәлім шығармаларын орындады. 

Шәмші әндерін білмейтін қазақ кемде-кем. Шетте жүрген қандастар композитордың әр туындысын жатқа айтып, байқауға қатысушылармен қосыла шырқады.  

Анар Нәлібаева, қазылар алқасының мүшесі:

- Шәмші атамыздың әндерін тыңдамайтын қазақ жоқ. Вальс королі деп тегін айтпаған, Шәмшінің әндері әрбір отбасында, жиын тойларда шырқалып жатады. Ақ жаулықты аналарымыз, аталарымыз, жастар жағы да Шәмші әндерінен рухани күш алады.

Байқауда сазгердің ел арасында кеңінен тараған әндерінен бастап, көпшілік біле бермейтін, сирек орындалатын шығармалары да шырқалды. Қазылар алқасына мықтыны анықтау қиынға соқты. Себебі қатысушылардың өнер сайысына үлкен дайындықпен келгені көрініп тұрды.  

Марат Оразбаев, байқау жеңімпазы:

- Шәмші әндерін бала кезден орындап өстік. Бүгін әдемі кеш болды, жас таланттарға, өскелең ұрпаққа атамыздың әндері аманат. Жалғаса берсін, осындай байқаулар көптеп бола берсін

Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған ән байқауын Қазақ ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырды. «Мақсат – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту», - дейді шараға бастамашы болғандар. Мұндай өнер мерекесі алдағы уақытта да жалғаса бермек.