Шәмші әндері АҚШ-та алғаш рет ағылшынша шырқалды
Нью-Йорктегі Дименна классикалық музыка орталығында қазақ композиторының шығармашылығына арналған «Шәмші әлемі» концерті өтті.
Кеш «Шәмші - 100» жобасы аясында Мадрид пен Парижден басталған халықаралық гастрольдік сапарды қорытындылады. Сазгердің халық сүйіп тыңдайтын жиырма әні ағылшын, испан және француз тілдерінде орындалды. Аударма жұмысына АҚШ, Венесуэла, Колумбия және Франция мамандары қатысып, жарты жыл еңбек етті. Ән мәтінінің мағынасын сақтап, өзге тілдегі сөздерді әуенмен үйлестіруге мән берілді.
Ботагөз Қалдаяқова, "Шәмші әлемі" қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Ұлы сазгердің әндері енді бүкіл әлемнің ортақ қазынасына айналады. Себебі Шәмші Қалдаяқовтың мұрасы барша адамзатқа жақын деп сенеміз. Өйткені оның әндерінің өзегі — махаббат. Туған жерге, анаға, сүйген жарға деген махаббат. Бұл сезімдер дүние жүзіндегі адамдарды біріктіретін күшке ие. Қай елден болсаң да, адамдық болмысыңды айқындайтын осы құндылықтар.
Мұхтар Қалдаяқов, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері:
- Біз әкеміз ақ батасын берген өнер жолымен жүріп келеміз. Әлі аспапта ойнауды үйренбеген кезіміздің өзінде үйімізде әкемнің әндері үзілмейтін. Ол фортепианода ойнап, біз сол әуендерді тыңдап өстік. Кейін орындаушы болдық, ал қазір сол мұраны жалғастырып келеміз. Бағытымыз өзгерген жоқ, тек ізденісіміз бен жұмысымыздың ауқымы кеңейді. Адам ғұмыры біз қалағандай ұзақ емес қой. Сондықтан біздің міндетіміз Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын барынша таныту. Әсіресе композитордың жүз жылдығы қарсаңында мұның маңызы зор.
Нью-Йорктегі кеште Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері өнер көрсетті. Бағдарламаға «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», "Арыс жағасында" секілді танымал әндер енді. Концертке композитордың ұрпақтары да қатысты. Шәмшінің ұлы, дирижер Мұхтар Қалдаяқов және немерелері Абай және Нұрсұлтан скрипкаға лайықталған попурри ұсынды. Мәдени шара «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мен Нью-Йорктегі Бас консулдығының қолдауымен өтті.
БЛИЦ
- Көрерменге ән мәтінінің аудармалары бар бағдарлама ұсынылғандықтан шығармалардың мазмұнын толықтай түсініп отырдық. Қазақша орындалғандарына да тәнті болып, ән рухын сезіне алдық. Өнерпаздар өте әсерлі орындады. Гастрольдің қорытынды кешіне қатысқанымызға қуаныштымыз. Қазақтың әсем әндерін тыңдау біз үшін үлкен сый болды.
- Концерт өте ұнады. Осы кешке шақырған жұбайыма ризамын. Қазақстан Әнұранының авторы жазған өзге шығармаларды тыңдауға асыға келдім. Керемет әсер алдым.
- Концерт туралы кеше қазақ досымнан естідім. Қазақ қауымымен осындай ортада алғаш рет бас қосып отырмын. Классикалық музыкамен үндескен бұл шығармалардан қазақтың жан дүниесін сезінуге болады. Осындай кештің куәсі болғаныма қуаныштымын.