Шәмші Қалдаяқовтың әндері Парижде француз тілінде шырқалды
Шәмші Қалдаяқовтың әндері Парижде алғаш рет француз тілінде шырқалды, деп хабарлайды 24KZ.
Франция астанасында қазақтың көрнекті композиторының алдағы 100 жылдығына арналған концерт өтті.
Республика күніне орай ұйымдастырылған концертке «Шәмші әлемі» қоғамдық қоры мен Болат Өтемұратов қоры мұрындық болды. Мәдени шара Қазақстанның Франциядағы елшілігі мен Франциядағы қазақ киносы қауымдастығының қолдауымен өтті. Кеште Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері мен композитордың ұрпақтары өнер көрсетті. Бағдарламада Шәмшінің «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың», «Бақыт құшағында» сынды ел сүйіп тыңдайтын әндерінің француз нұсқасы орындалды.
Гүлмира Мурзалинова, Болат Өтемұратов қорының бас директорының орынбасары:
- Шәмшінің әндері Парижде алғаш рет француз тілінде шырқалды. Тыңдармандар әсем әуен арқылы қазақ мәдениетімен танысып, ұлы композитор шығармаларының терең мәнін сезіне алды. Осындай маңызды халықаралық мәдени жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берген Қазақстанның Франциядағы елшілігіне, барлық ұйымдастырушыларға, «Шәмші әлемі» қорына және музыканттарға алғысымызды білдіреміз.
Париждегі концертке 200-ге жуық көрермен жиналды. Олардың арасында дипломатиялық корпус пен іскерлік орта өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері және студенттер бар. Бұл кеш Мадридте өткен концерттің жалғасы. Енді «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасы аясында өнерпаздар Нью-Йоркте концерт бермек.
Саад Фаузи, кәсіпкер:
- Мен бұл музыкадан ерекше рухани тереңдікті сезіндім. Онда театр өнеріне де, операға да тән сипат бар. Шәмші есіміне келсек, әдеби араб тілінде «шамс» сөзі «күн» деген мағынаны білдіреді. Меніңше, бұл музыка да күн сәулесі секілді. Ол шекара талғамай, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың жүрегіне жол таба алады.
Бағиля, Франциядағы қазақ диаспора өкілі:
- Шәмші ағамыздың концерті туралы естіген соң келдік. Ол менің жерлесім болады, барлық әндерін қосылып айтып отырдық. Өзіміздің жерлесіміздің концертін көріп, бір ауылға барып келгендей болдық.
Саша, IT-инженер:
- Қазақ музыкасын алғаш рет тыңдап тұрмын. Өте әдемі, ерекше әсер қалдырды. Шынымды айтсам, концерт бағдарламасын ашып қарағанда әндердің француз тіліне аударылғанына таңқалдым. Меніңше, бұл өте жақсы бастама. Өйткені бізге, француздарға, қазақ тілін жақынырақ танып білуге мүмкіндік берді. Өзім қазақ мәдениетімен таныстырып жүрген екі досыммен бірге келдім.