Дулат Исабековтың танымал туындысы қытай тіліне аударылды
Дулат Исабековтың «Гауһартас» повесі алғаш рет қытай тіліне аударылды.
Әйгілі шығарманы Бейжіңде оқып жүрген қазақ студенті тәржімалаған. Ділдә Дүйсенбектің жұмысы Қытайдың аударма сыншыларының назарына ілікті. Жас аудармашы бұл жөнінде біздің телеарнаға берген сұхбатында айтты.
- Өзгерткенге де қолайлы болады. Мысалға, мына жерде өмір «шыңмиңг» деген, «дзишы» осылай мағынасы өз-өзіне тең келетіндей етіп аударуға тырысамын...
Астаналық Ділдә Дүйсенбек Бейжің тіл және мәдениет университетінің 2-курс студенті. 18 жаста. Ол қытай тілін жетік меңгерген. «Гауһартас» оның алғашқы жұмысы. Оны дәл осы шығарманы аударуға шабыттандырған Ыбыш пен Салтанаттың образы.
Ділдә Дүйсенбек, студент:
- Қазақ тілінің әдемілігі ол біздің ұлтымыздың ерекшелігімен байланысты ғой. Бірақ қытай тіліне аударған кезде барынша осы әдемілікті жеткізуге тырыстым. Қазақ тілінің құндылығын жеткізуге тырыстым.
30 мыңнан астам сөзден тұратын кітапты аударуға бір жарым ай уақытын сарп еткен. Кейбір күрделі теңеулерді мамандармен ақылдасып, кейде жасанды интеллектіні пайдаланыпты.
Ділдә Дүйсенбек, студент:
- Дулат Исабеков өте көп теңеу қолданады. Ол теңеулерді нақты-нақты жеткізу өте қиын. Себебі кейбір теңеулер қазақтар үшін жиі қолданылады. Оқысаң түсініп кетеміз деген сияқты. Оны қытайшаға аударған кезде бір жері жетпей тұрады. Сондай сәттер болды. Барынша еркін аударуға тырыстым.
Көз жүгірткен қытайдың бәрі ерекше қабылдады дейді ол. Бастапқыда қатарластары мен қытайлық жолдастарына оқытқан. Кейін ұстаздары мен баспахана мамандарына жүгініпті.
Цзо Чжаотун, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Шығарманы оқып танысып шықтым. Оқырманды алғашқы сәттен-ақ тартады екен. Кітапты оқи түскің келеді. Аудармасы толық нұсқада басылып шықса, міндетті түрде оқимын.
Қытай тіліндегі нұсқа Бейжіңнің тәжірибелі аудармашыларына тапсырылған. Қазір олар сапасын қарап, мән-мағынасын тексеріп жатыр. Егер баспа тарапынан қолдау тапса кітап жарық көреді. Жас аудармашыға елшілік те қолдау көрсетуге дайын.
Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Ол кітаптың аудармасы қазір Қытайдың ұлттар баспасында. Сол жерде тексеріс, рецензиясы бар, цензурасы бар тексерістен өтіп жатыр. Қытайда мемлекеттік тапсырыс деген болады. Егер ол мемлекеттік тапсырысқа кірмейтін болса, қытай тарапынан демеушілер тауып сол кітаптың жарық көруіне көмектесе аламыз.
Ділдә қазақ-қытай әдеби шығармаларын өзара аударып, әдебиет пен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайту ісіне атсалысуға ниетті. Бұл бағытта еліміздің кәсіби жазушылары мен аудармашыларына қолдау көрсетуге әзірмін дейді ол. Тіпті осы іске қызығатын жастар мен еріктілерді ұйымдастырып арнайы орта қалыптасыруға бел буып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын