Қазақстанның мәдениет күндеріне дайындық жүріп жатыр
Дохада Қазақстанның Қатардағы мәдениет күндеріне қызу дайындық жүріп жатыр.
Екі елдің ынтымақ-бірлігін нығайтатын ауқымды іс-шара ертең басталады. Сөйтіп 4 күнге жалғасады. Осы мақсатта араб жеріне ұлы даладан ірі өнер керуені барды. Құрамында 200-ден астам мәдениет майталманы бар. Қазақстан мен Қатар әріптестігін мәдени тұрғыда байыпты ететін бағдарлама бір есептен ұлттық құндылықтарды кең насихаттауға да сеп. Өйткені осы күндерде салт-дәстүріміз бен рухани қазынамыз кең көрініс табады. Негізгі іс-шаралар «Дарб Әл Саги» орталығында өтеді. Онда елімізге және шет мемлекеттерге танымал өнер қайраткерлерінің концерті мен қолөнер және рухани жәдігерлер көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ этно фольклорлық бағытта ерекше кеш өтеді. Ұлттық асымыз әзірленіп, жергілікті жұртқа таныстырылады.