Таразда ежелгі керуен сарайы жаңартылып жатыр
Таразда 11-13 ғасырға тән «Төрткүл» керуен сарайы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр.
90 процентке тозып тұрған тарихы нысан соңғы 1,5 жыл бойы жабық тұрды. Оған қоса былтыр кешеннің қабырғасы құлаған. Қала билігі мәселені шешу үшін қаржы бөліп жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
«Төрткүл» керуен сарайы IX ғасырда бой көтерген. Тарихи деректерде бұл нысанның ХІІІ ғасырға дейін ірі сауда орталығы болғаны айтылады. Мұндағы алғашқы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдары жүргізілген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде сарайдың шаршы пішіндес екені, қабырғасының биіктігі 2 метрден 6 метрге дейін жететіні анықталды.
Ескендір Төрбеков, тарихшы-археолог:
- Бұл жерден керуен-сарайға тән қонақтарға арналған әртүрлі бөлмелер, сондай-ақ тұрмыстық-шаруашылық мақсаттағы орындар табылды. Сондай-ақ исламдану кезеңіне жататын көне мешіттің қалдықтары анықталды. Яғни бұл уақыттарда өңір халқы ислам дінін ұстанғанын байқауға болады. Көптеген керамикалық ыдыстар да табылды. XI–XIII ғасырларға жататын Қараханидтер дәуірінің теңгелері анықталып, нысанның мерзімін сол арқылы анықтадық.
Тарихи нысан аумағында 2000 жылдары қайта қазба жұмыстары жүргізілді. Ол кезде 7 мыңға жуық жәдігер табылып, көне қала Жібек Жолы бойындағы маңызды туристік нысандар тізіміне енді. Сөйтіп, 2014 жылы аспанасты мұражайы ретінде ашылды. Бірақ 10 жылдан аса жөндеу көрмей, кешен 90 процентке тозды. Қамалының кірпіштері үгітіліп, шатыры тесілді. Соңғы уақытта есігіне қара құлып салынып, мүлде жабылды. Қала билігі былтыр жоба әзірлеп, жаңғырту жұмыстарын бастап кетті.
Елдос Бегімбаев, мердігер компанияның өкілі:
- Ішіндегі ғимараттың біреуін біз дизайнерлермен ақылдасып, ішін көне 13-ғасырдағы келбетке келтіреміз. Іші-сыртының бәрі Самарқандтан келетін күйген кірпішпенен қапталады. Полының бәрі көріп тұрғаныңыздай таспенен дайындап жатырмыз. Тек қана бұл жаққа канализация мен водопроводын тарту. Оны күннің қолайсыздығы болып тұрған соң тарта алмай жатырмыз. Оны келесі апта тартамыз.
Төрткүл керуен сарайын қайта жаңғыртуға қала бюджетінен 863 миллион теңге бөлінді. Мұнда қолөнершілерге арналған көрме залы мен әкімшілік ғимарат болады. Түрлі іс-шаралар үшін амфитеатр салынады. Кешен жыл 12 ай жұмыс істеу үшін жылу жүйесі де жүргізіледі.
Мерей Бает, тілші:
- Қазір Керуен Сарайдың құрылысы 45 процентке аяқталған. Әйтсе де күн райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар бірнеше күнге тоқтаған. Мердігер компания жаз айларына дейін жаңғырту жұмысын бітіріп бермек. Жұмыс жоспарға сай жүрсе, бірнеше жылы жабық тұрған кешен, қайта туристер көп келетін орынға айналмақ.
Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә