Жүрсін Ерманға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді

Ақын, журналист Жүрсін Ерманға “Қазақстанның халық жазушысы” атағы берілді.

Марапат ұлттық әдебиет пен айтыс өнерін дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін табысталды. Құрметті атақ ақынның 75 жасқа толған мерейтойында салтанатты түрде тапсырылды. Алматыдағы Республика сарайында «Ұлытаудан Алатауға» атты концерт ұйымдастырылды. Бұл ақынның поэзиядағы, айтыс өнеріндегі және қоғам өміріндегі еңбегін ұлықтаған кеш болды.

Жүрсін Ерман қазіргі айтыс өнерін дәріптеп, насихаттап жүрген жан. Республика сарайының төрінде талай айтыс ұйымдастырды. Зал лық толушы еді. Телевизиялық нұсқасын эфирге шығарды. Көрермен айтысты асыға күтетін болды. Мерейтойлық кешке де халық көп жиналды. Алматы әкімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізіп, «Халық жазушысы» атағын ресми табыстады.     

Жүрсін Ерман, ақын, Қазақстанның халық жазушысы:

- Өлең деген нәрсе менің көзімді ашып көрген, аузымды ашып сүйген айналысқан шаруам. Бірақ та оны да жүректің оттан ыстық кезінде жазда деген. 70-тен асқаннан кейін нетіп қалдым, соған қарап қалдым. Сондықтан біріңғай осы айтысты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатырмын. 

Шығармашылық кеш аясында ақынның өмірі мен еңбегіне арналған деректі фильм көрсетіліп, жырлары оқылды. Сахналық қойылымдар мен музыкалық композициялар мерейтой иесінің сан қырлы болмысын ашып көрсетті. Әсіресе айтыс өнеріне қосқан үлесі жиі айтылды.

Мұхтар Ниязов, ақын:

- Жүрсін ағаның әкелері, аталары өте бай болған. Сол кісіге, бұл кісіге бір алтын қалдырып кеткен. Соны өмір бойы іздеді бұл кісі таппады, өзі де айтады. Аталарымыздың алтынын таппадық деп. Бірақ мен ойлаймын, ол кісі ол алтынды таппаса да негізі қазақтың алтындай қаншама жігіттерін тапты. 

Кешке ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдері қатысты. Шәкірттері ұстазына арнау өлеңдерін оқып, алғыстарын білдірді. Бұл кеш тек мерейтой ғана емес, тұтас бір мектептің, айтыс дәстүрінің мерекесіне айналды.

Жанар Мұхамадиева, көрермен:

- Бұл кісі енді айтыстың қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Қанша өнер адамдары, айтыстың саңлақтарын тәрбиеледі ғой. Ол кісі енді біздің қазақ елімізге, өзінің айтысымен, өнерімен кең көлемде өте көп еңбегін сіңірген кісі ғой енді бұл.

75 жылдық мерейтойға арналған кеш ақынның шығармашылық жолына берілген баға ғана емес, қазақ руханиятына қосқан үлесіне көрсетілген құрмет. «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы Жүрсін Ерманның поэзия мен айтыс өнеріндегі ұзақ жылғы еңбегінің жемісі деп білеміз.

Ернұр Рысбай, Эдуард Кон