Алматыда өнер мен жасанды интеллект ұштасқан кеш өтті

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өнер мен жаңа технология ұштасқан кеш өтті.

«Әуенге айналған сезім» атты инновациялық концерт жасанды интеллектпен ерекшеленді. Сахнада Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті мен жасанды интеллект бірлесе өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, гитаристер шертетін шығармалар жасанды интеллект арқылы өңделген. Оған қоса жасанды интеллектпен әзірленген дауыс ән айтты. Мысалы, Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әні мен Ерболат Мамырханның «Жүрегімді жараладың» әнін жасанды дауыс орындады. Ал Италия, Жапония және де отандық композиторлардың шығармаларын классикалық гитаристер квинтеті дәстүрлі форматта орындады. Филармонияның алдағы кештерінде де жасанды интеллект элементтері қолданылады. 

Нұрғиса Дәуешов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры:

- Бұл біздің уақытымызды өте қысқартты, себебі бұрын бір шығармаға өңдеушіге уақыт беретін болсақ, оған әрине шабыт керек, оның уақытын күту керек, оны нотаға түсіру керек деген секілді. Ал, қазіргі таңда ЖИ арқылы біз бұл шығармаларды тез арада жасап алуға мүмкіндігіміз бар. Сол мүмкіндігімізді қолданып жатырмыз.