Ескі киноафишалардың көрмесі ашылды
Көрмеге қойылған афишалар қазақ киносының шежіресі іспетті.
Мұнда «Аманкелдіден» бастап «Балалықтың кермек дәмі», «Қыз Жібек», «Шоқан Уәлиханов» секілді туындылардың плакаттары бар. Кеңес киностудияларының, үнді фильмдері мен америкалық вестерндердің жарнамаларында кезіктіресіз. Барлығы түпнұсқа. Құнды жәдігерлердің бірі ғасырға жуықтаған 16 миллиметрлік неміс кинокамерасы. Бұл коллекцияны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов қырық жылдан аса жинаған. Көрме актердің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Ажар Төлеубаева, М. Өтепбергеновтің келіні:
- Осы мұражайға біз 200-ден астам киноафиша әкелдік. Барлығы түпнұсқа. Атам 1930 жылдан бастап осындай плакаттар және совет фильм-журналдар, Советский экран журналдары және атамыз 40 жыл бойы ашықхат жинаған. Қазақстан киносы туралы, үнді киносы туралы, қытай киносы туралы.
Актёр Меңтай Өтепбергенов көзі тірісінде 60-тан аса фильмге түсті. 1998 жылы Канн кинофестивалінде «Пошталық маркалардағы киноның әлемдік каталогы» атты кітабын таныстырды. Бүгінде афишалар маркетингтің бір құралы болса, бұрын ол тұтас өнер туындысы саналған. Суретшілер көрермен тарту үшін айшықты, қайталанбас суреттер салған.
Іс-шара барысында отандық кино өнерінің майталманы, Қазақ КСР-інің халық әртісі Қаукен Кенжетаевтың рухына да тағзым жасалды. Оның еңбегі қазақ киносының алтын қорынан лайықты орын алады. Биыл актёрдің туғанына 110 жыл толады. Соған орай сирек архивтік фотосуреттері енгізілген кітаптың тұсаукесері өтті.
Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:
- Бұл кісілерлің әрқайсысы қазақтың өнерінің тарихы, қазақтың келешегінің бағыт-бағдары десем де болады. Осы кісілермен қатар жүріп көп нәрсені бойымызға сіңірдік. Бұл кісілердің бойындағы сабырлылық. Біріншіден, ұлтына деген сүйіспеншілік, сөзге деген үлкен бұл кісілердің ыждағаттылығы. Осының барлығы бізге үлкен мектеп болды.
Көрме Кәукен Кенжетаев пен Меңтай Өтепбергенов бірге түскен «Жұлдызыңды сақта» және «Ғажайып тілектер мен үміттер әлемі» фильмдерінің көрсетілімімен жалғасты. Көне афишалар көрмесі бір ай ашық болады.
Авторлары: Аршын Кемемелжан, Кенже Амраев