Рудныйда тұратын корей жігіті домбыраны жанына серік етіп келеді
Рудный қаласының тұрғыны Марк Ли қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік етіп келеді.
Жас өнерпаз 60-тан астам күйді нақышына келтіріп орындайды. Ұлттық өнерге деген қызығушылығы оны талай байқауларда жеңіс тұғырына шығарды. Қазақтың төл өнерін өзге ұлт өкілінің дәріптеуі – ұлт мәдениетінің өміршеңдігін айғақтайды. Жас күйші алдағы уақытта халықаралық байқауларға қатысып, қазақ күйін әлем сахналарында орындауды мақсат етіп отыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Махамбет Өтемісұлының «Жорық» күйі. Күрделі, классикалық шығарманы орындаушы кәріс баласы Марк Ли. Қазақтың қара домбырасын әбден меңгеріп алған Марк 60-тан астам күй біледі. Бірақ солардың ішінде осы Махамбеттің «Жорық» күйін жаныма жақын көремін дейді.
Марк Ли, Рудный музыкалық колледж студенті:
- Махамбет бабамыздың күйлері өте рухты, адам бойына қайрат, жігер береді. Сол үшін жаныма қатты өте жақын болып келеді. Махамбет бабамыздың күйлерінің ішінде менің репертураымда «Жорық», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» атты күйлері бар.
Марк Ли домбыра тартуды нағашы атасынан үйреніпті. Одан кейін музыкалық мектепте, бүгінде колледждің «Қазақ халық аспаптар» бөлімінде шеберлігін шыңдап жүр. Бала кезінен аяқ алысын бақылап жүрген ұстазы Мұрат Хамитовтың айтуынша, қазір Марк күй орындау техникасына ғана емес, оның мазмұны мен тарихына аса мән береді.
Мұрат Хамитов, домбыра пәнінің мұғалімі:
- Күйге деген икемі, жастайынан көрінді баланың. Қазір енді есейгесін балада философиялық жағынан күйге кішкене көзқарасы басқа. Бұрын техникалық жағынан жақсы болса, қазір күйлердің мән-мағынасын түсініп ойнайды. Күйдің иірімдерін әдемілеп ойнағанда марқайып қаласың.
Қазір Марк Ли музыкалық колледж ішінен құрылған Қазақ халық аспаптар ансамбілінің мүшесі. Жеке күйшілік-орындаушылық қабілетін жетілдіруден де тынған емес. Жақында Атырауда өтетін республикалық күй сайысына қызу дайындық үстінде.
Марк Ли, Рудный музыкалық колледж студенті:
- Алдағы арманым мақсатым, біздің қазақ күйлерін, әндерін, жырларын шетелдерге де танымал еткім келеді.
Таяуда Рудный қаласында болған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, домбырашы, күйші Айгүл Үлкенбаева Марктың өнерін жоғары бағалап, өз класына қабылдауға әзір екенін білдіріпті.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг