Шымкентте Наурызнама аясында қолөнершілер көрмесі өтеді

Шымкентте Наурызнаманың онкүндігі аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді.

Қазір шеберлер қызу дайындыққа кірісті. Шараның мақсаты ұлттық өнер мен дәстүрді кеңінен дәріптеу. Жалпы қалада қолөнер шеберлерінің еңбегін көпшілікке таныстыру шаралары жиі өтеді. Мысалы, ағаш шебері Мұратәлі Көшкінбаевтың қолынан шыққан бұйымдар көпке таныс. Бұл жолы ол қазақтың ас беру мәдениетін дәріптемек. 

Қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, қиялын қашаумен бедерлеген Мұратәлі Көшкінбаевтың шеберханасында таң атысымен тыным жоқ. Ол астау, тегене мен ожау жасаудың бабадан қалған технологиясын бұзбай, ұлттық бұйымдарды бүгінгі дастарқанның сәніне айналдырды. Шебердің айтуынша, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ үйге береке мен   жылулық сыйлайды.

Мұратәлі Көшкінбаев, қолөнер шебері:

- Ішімдегін шығарғым келеді да. Осыны ағашқа бергім келіп тұр. Шығармашылығымды, ойымды. Қазір 1,5-2 айдың ішінде 40 астауды осып бітірдім. Жақында тексеріп көрдім. Құдыреті көп қой ағаштың. Тағам салсаң пайдасы бар. Өзінің микроэлементтерін бәрін ұстайды. Жылулықты сақтайды. 

Шебер тек ас үй бұйымдарын емес, ұлттық аспап та жасайды. Туындысы мінсіз шығуы үшін жан-тәнімен жұмыс істеп, айлап уақытын арнайды. Нәтижесінде үні мен пішіні үйлескен қобызы жоғары сұранысқа ие болды.

Шебердің туындылары «Наурызнаманың» онкүндігі аясында өтетін  көрмеге қойылады. Экспозицияда этностильдегі киімдер, құрақ түрлері мен зергерлік бұйымдар да таныстырылады. Осылайша, креативті индустрия өкілдері мәдени мұраны дәріптеп, мейрамның рухани мәнін ашуға атсалысады.

Еркін Тазабек, қалалық туризм, сыртқы байланыс және креативті индустрия басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі күні қалада 2500 мың субъект тіркелген креативті индустрия саласында. Оның 50%-дан астамы ол қолөнершілер. Сондықтан да қолөнершілерге көрме-жәрмеңкелер арқылы біз халқымыздың, қазақтың рухани-мәдени салтын қонақтарға таныстыра отыра қаламыздың туристік әлеуетін көрсетіп жатырмыз.

Қалада туризмді дамыту тұжырымдамасы аясында ұлттық өнерді ұлықтауға ерекше көңіл бөлінді. Қолөнершілердің өзара тәжірибе алмасуы үшін Креативті хаб ашылып, саяхатшыларды қызықтырған бірегей бағытқа айналды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов