Қырғызстан артистері Астанадағы театрда мюзикл сахналады
Раймалы-Бегімай мюзиклі Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда сахналанды.
Елордалық көрермендерге тамаша тартуды Қырғыз елінің әртістері жасады. Көрнекті қаламгер Шыңғыс Айтматовтың махаббат жайлы шығармасын өнерсүйер қауым жылы қарсы алды. Туынды, ақын Раймалы мен бойжеткен Бегімайдың, ынтық сезімін бейнелей отырып, ежелден бауырлас қос халықтың терең достығын дәріптейді. Ауылы аралас, қойы қоралас қазақ-қырғыз мәдениетіне ортақ құндылықтарды паш етеді. Қырғыз ұлттық филармониясы әзірлеген сый бұл ғана емес. Көрші елдің сахна саңлақтары классиктің "Жәмилә" туындысын да тарту етпек. Труппа бұған дейін Алматы жұртшылығы алдында өнер көрсеткен болатын. Енді міне екі күн қатарынан елордалықтар әйгілі шығармаларға сусындай алады.
Арслан Койчиев, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы:
- Бізде сөз бар: қырғыз бен қазақ бір туған. Қырғыз бен қазақ ежелден көрші, қоңсылас. Ортадаға достық одан әрі жалғаса беруі тиіс деп есептеймін. Мен осыған арнайы келіп тұрмын. Көкірегімде Қ.Тоқаев таққан медаль. Әлі күнге шешпей жүрмін. Екі елдің ынтымағы арта берсін, біздің ұранымыз сол.