«ӘСЕМ FASHION» жас дизайнерлер байқауы өтті

Ұлттық киім күніне орай астаналық жас дизайнерлер арасында «ӘСЕМ FASHION» байқауы өтті. Онда колледж студенттері екі аталым бойынша өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Сән байқауында көрсетілген ұлттық киімдер түр-түсімен ғана ерекшеленбейді. Жас дизайнерлер: «Ондағы әр элемент арқылы тарихи және мәдени құндылықтарды дәріптеуге тырыстық», - дейді.  Киім-кешек топтамасының атауына да баса мән берілген.

Жанна Әбілбек, дизайнер:

- Ұмай ана образынан шабыт алып, жаккард матасынан тігілген шапандар алып келдік. Онымен қоса, көйлектер бар. Ең күрделісі – силуэттегі тігілген шапандар мен бисермен жасалған кестелеу. Екінші топтамамыз – «Самал». Ол өте жеңіл, еркін сезінетін жастарға арналған, заманауи бағытта тігілген коллекция.

Сән байқауын балаларға арналған қосымша білім беру орталығы, кәсіптік-техникалық колледж және Нұра ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Оған 4 колледждің студенттері қатысты. Жас дизайнерлер ұлттық элементтерді өзге сән үлгілерімен үндестіру және ұлттық киімдерді заманауи нақышқа бейімдеу аталымдары бойынша жұмыстарын көрсетті.

Римма Иманғазинова, кәсіптік-техникалық колледж директоры:

- Біз ұрпақтар сабақтастығын көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар қоғамда ұлттық киімге деген сүйіспеншілікті арттыруға және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты қалыптастыруға ынталымыз. Байқаудың меймандары ретінде әжелер мен оқушыларды арнайы шақырдық.

Іс-шара аясында өнерпаздар ән шырқап, қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар биші робот та қалыс қалмай, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «ӘСЕМ FASHION» байқауы ұлттық киімнің жай ғана жәдігер емес, тұтас ұлттың мәдени бөлшегі екенін тағы аңғартты. 

Авторы: Еркебұлан Смадияров