ШҚО-да бес мың адам «Ақбұлақ» әнін бір мезетте орындады
Шығыс Қазақстан облысында биыл Ұлыстың Ұлы күнін тойлау бұрынғыдан өзгеше басталды.
Республика алаңына жиналған 5 мың адам «Ақбұлақ» әнін бір мезетте орындап, Гиннес рекордтар кітабына енді. Иісі қазаққа мәшһүр Ақбұлақты асқақата шырқауға жас та , кәрі де белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Облыстағы мерекелік шаралар қатары бұнымен аяқталмады. Боз үйлер бой көтеріп, ұлттық ойындар дәріптелді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұртшылықты Әз Наурызбен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Төр Алтай Әз Наурызды биыл ерекше бір ықыласпен қарсы алды. Ел есінде, халық ауызында жүрген атақты Ақбұлақ әні бүкіл жұртты орталық алаңға тоғыстырды.
Әйгілі сазгер Бәкір Тәжібаевтың бұл әні «халық әніне» айналып кеткен десек артық емес. Бастан аяқ туған жерге деген сағынышты,құрметті дәріптейтін шығарма талай буынды тәрбиелеп келеді,қаншама буын осы әнді жатқа да біледі. Сондықтан Ақбұлақты асқақтата шырқағандар арасында жас тә кәрі де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша бастапқыда әнді орындауға 3 мыңнан аса адам өтінім білдірген. Алайда соңғы күні қатысам деушілер қатары еселеп артқан. Дегенмен, жүйелі дайныдық арқасында ән айтсам деген әр адамға мүмкіндік берілді. Сөйтіп, шаһар аспаны бір мезетте әуезге бөленіп, домбыра күмбіріне көмкерілді.
Ринат Ахметжанов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Кеше рептиция өткен болатын, 4 мың адам қатысты бірақ бүгін таңда Наурыз мерекесі аясында болғандықтан 5 мыңнан аса халық орталық алаңға жиналып, Гиннес рекордттар кітабын жаңғырттық.
Осылайша меже орындалды. Бұл іс-шара Гиннес рекордттар кітабына енді. Оны айқындайтын сертификат та табысталды. Демек, таңғажайыпқа толы кітаптың биыл шығатын нұсқасында Өскемендегі бұл бастама ойып тұрып орын алады деген сөз. Ақбұлақты жаппай орындау шарасының соңы мерекелік түрлі бағдарламаларға ұласты.
Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов әрбір қара шаңыраққа кіріп, ондағы сахналық көріністерді тамашалап, ұлттық нақыштағы көрмелерді көріп шықты. Жергілікті жұртты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
- Қадірлі жерлестер әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін отбасыларыңыз амандық, құт береке бақ пен табыс тілеймін Баршаңызға бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.Ұлыс оң болсын Ақ мол болсын!
Орталық алаңға ағылған адам көп. Жиналғандар ұршық иіріп, жүн түту сияқты қолөнермен айналысуға мүмкіндік алды. Ұлттық ойындардың түр-түрі насихатталды. Әдеттегі киіз үйлермен қатар сандық қазақ үйлер де қонақтарға айқара есік ашты.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов