Талдықорғанда ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шеберлер көп

Көбі түрлі әшекей мен тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Тоқыма мен тігіншілік өнері те дами бастады. Жергілікті шеберлер қазір Алматы да өтетін халықаралық көрмеге дайындалып жатыр. 

Сақина, сырға, білезік, алқа, әмиян, сөмке мен белдік. Оюмен өрнектелген әдемі әшекейлер мен бұйымдарды  Евгения Звягина аядай ғана бөлмеде жасайды. Ол кәсіби суретші әрі тігінші.  Шебер қолөнерге ден қоймас бұрын салт-дәстүр туралы таным-түсінігін арттырған. 

Евгения облыстағы және өзге өңірлердегі көрмелерге қатысып, ұлттық нақыштағы заттарды көпшілік назарына ұсынады. Сол арқылы төл өнерді дәріптейді. Кәсібін дамытуға    мемлекеттік бағдарламаның да септігі тиген.  

Евгения Звягина, қолөнер шебері: 

- 2024 жылы Даму арқылы грант алдым. Кәсіпкерлер палатасы арқылы техникаларды алып кәсібімді ұлғайттым. Жобаларым мен жоспарларым көп. Алдағы уақытта соларды жүзеге асырамын деп ойлаймын. Туризм саласы өркендеген сайын бұл бұйымдарға сұраныс артып, келеді. Мәселен, үш жыл бұрын тек сырғалар ғана өтетін еді, ал қазір тапсырыс көп. 

Ал Сәуле Төлендіқызы қалалық мекемелердің бірінде есепші болып еңбек етеді. Жұмыстан тыс уақытта киіз үй, қарлығаш, торсық, ыдыс пен түрлі әшекейлер жасайды. Ісмер өз ісін ұлттық құндылықтарды насихаттау деп түсінеді. Себебі сәндік бұйымдардың әрқайсысының өзіндік мән мағынасы бар.

 Сәуле Төлендіқызы, қолөнер шебері:

- Қазақ үй түріндегі әшекей береке-бірлікті насихаттауға арналған. Ал  кесе молшылықты, қонақжайлықты білдіреді. Гүл-көктемнің шығуын, қарлығаш құсы тұтас табиғаттың жаңарғанын көрсетеді. Тұмар тіл-көзден сақтайды деген ырыммен тағылады. 

Қолөнер шеберлері қоғамдық ұйымға бірігу арқылы өзара тәжірбие алмасып, бар білгенін жастарға үйретіп отырады. Келешекте оны ұлттық өнерді дәріптейтін үлкен орталыққа айналдырмақ. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов