Павлодар тұрғыны 3D принтер көмегімен қылқобыз жасап шығарды
Павлодарда аддитивті инженер 3D принтердің көмегімен қазақтың көне аспабы — қылқобыз жасап шығарды.
Мамандардың айтуынша, бұл музыка әлемі үшін ерекше жаңалық. Ғасырлар бойы қолмен жасалып келген аспап енді заманауи технологиямен жаңа тыныс алып отыр. Ерекше жобаның авторы Иван Могер. Оның тылсым мен сиқырға толы қылқобызға деген қызығушылығы неден пайда болды?
Иван Могер бұған дейін 3D-принтерде домбыра жасап көрген. Алдымен қажетті материалдарды тауып, компьютерде музыкалық аспаптың дәл виртуалды үлгісін сызған. Қылқобызды жасауға шамамен бір апта уақыт кеткен. Ең қызығы, көне аспапты қолға алуына Қорқыт Ата туралы аңыз-әңгімелер себеп болған.
Иван Могер, аддитивті инженер:
- Мен Қорқыт Ата туралы көп аңыз оқыдым. Соның бірінде қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болғаны айтылады. Аңыз бойынша ол мәңгі өмір тек өнерде деген ойға қалып, қобыз аспабын ойлап шығарған. Қобыз ойнағанда суға да батпай тірі қалады. Мені де шабыттандырған осы аңыз болды.
Кәсіби музыканттар ұлттық аспаптың артықшылығына тоқталды. Оның пластиктен құйылған қалыбы сыртқы ортаның әсерінен бүлінбейді. Жетілдіре түссе кәдімгі қобыздан кем түспейді. Бұл әсіресе музыка мектебінде оқитын оқушылар үшін таптырмас құрал болмақ.
Әдия Сейсенбаева, И. Байзақов атындағы облыстық филармония артисі:
- Енді 3D принтерінде жасалғанына байланысты әрине өте керемет жақсы деп есептеймін. Өйткені дыбыс шығару өте бір қиын нәрсе, сол себеті өте біртүрлі әсер екен әрине. Енді кішкентай балаларға таныстыру ретінде көрсету үшін мен ойлаймын өте жақсы жасалған, керемет аспап.
Иван Могердің келешекке жоспары көп. Ал жаңаша форматта жасалған қылқобыз Иса Байзақов атындағы филармонияның ұжымы үшін Наурыз мейрамы қарсаңында теңдессіз сыйлық болды.
Талғат Кәрімов, И. Байзақов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі:
- Әрине бұл біздер үшін жаңалық музыканттар үшін. Мүмкін келешекте бір жиырма жылдан кейін осындай аспаптар болуы мүмкін. Осымен жаңағы роботтар ойнауы мүмкін. Сондықтан сәттілік тілеймін, осы біздің өңірімізде осындай жаңалықтар ашылып жатқанына. Өзіңіз білесіз осы біздің Павлодар облысынан ең алғашқы Қамар Қасымов деген ең үлкен аспабын шығарған бүкіл оркестрге Құрманғазы оркестріне жасаған.
Музыканттар жаңа қобыздың үнінде жүректі шымырлатар ерекше бір сарын бар екенін айтады. Оның әуенінен көне дәуірдің үнін жеткізгендей сағынышқа толы терең дыбыс пен сырлы бір күрсініс сезіледі.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қазақ халқының көне аспабы қылқобыз біртұтас ағаштан ойылып жасалады. Аспаптың шанағының беті ешкі немесе түйе терісімен қапталады. Екі ішегіне жылқының қылы пайдаланылады. Алайда заманауи технологияның мүмкіндігі шексіз. Өздеріңіз көріп отырғандай, 3D форматта жасалған бұл қылқобыз болашақта табиғи материалдарды алмастыруы мүмкін
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков