Ұлттық өнерді жаңғыртқан шеберлер

Жамбыл облысында ұлттық қолөнерге қызығушылық артып, қыш бұйымдарын жасау жаңа трендке айналып жатыр.

Тараз қаласының шеберлері ортағасырлық технологияларды жаңғыртып, керамикалық ыдыстар дайындап жүр. Сонымен қатар өңірде зергерлік өнерді дәріптеп жүрген шеберлер де аз емес. 

Индира Губашева өмірінің 25 жылын қолөнерге арнаған шебер. Жастайынан сурет салуға қызығып, кейін теріден бұйым жасауды меңгерген. 4 жыл бұрын Таразда қыштан ыдыс жасау дәстүрін қайта жандандырды. Индира жыл сайын Өзбекстанға барып шеберлік сағатынан өтеді. Бүгінде өзінің мектеп-студиясын ашып, көпке кереамика саласын үйретіп жүр. Шебер қыш ыдыстарды ортағасырлық әдіспен жасап, безендіруге заманауи глазурьмен қаптау әдісін қолданады. 

Индира Губашева, қолөнерші:

- Тек қана мастер класс емес. Маған келген оқушы 0-ден үйретемін де, ұста қылып шығарамын. Сол – менің ең бастапқы мақсатым. Ары қарай біздің Тараздың керамикасы дами берсін, ары қарай олардың жұмыстары шығармашылық жұмыстары болсын. Негізі біздің Тараз қаласы ежелгі керамика қаласы болған ғой. 7-ғасырдан 12-17 ғасырға дейін неше түрлі қазбалардан табылған.

Мерей Бает, тілші:

- Саз балшықтан қандай да бір бұйым жасау үшін саздың иінін қандырып, алдымен илеп алу керек. Одан кейін мынандай айналдыруға арналған құрылғыға қойып ішінде қалып кеткен ауасын толықтай шығарамыз. Содан кейін ғана түрлі ыдыс аяқ жасауға болады. Жалпы керамикалық заттарды жасауға қиындығына қарай 15 минуттан 5 сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін. 

Ал Берік Халиев күміс бұйымдар жасап ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Қолөнерші ескі стильдегі көркем әшекейлерді заманауи үлгіде жаңғыртады. Шеберге Алматы, Ақтау сынды өзге қалалардан тапсырыс берушілер көп. Берік қазір өзі оқыған колледжде ұстаздық етіп жүр.

Берік Халиев, зергер:

- Әр әшекей бұйымға түсетін ою-өрнектің тікелей тарихы болу керек, оюлардың пайдаланатын орны болады. Мысалы, өсімдік тектес, жануар тектес деген сияқты. Бірінші не жасау керектігін қарап алу қажет. Қандай ою пайдалансам болады, қандай тасты әшекей бұйымға қойсақ болады? Оның мағынасымен қоса ол үйлесімді болу керек. 

Былтыр аймақта шеберлерді қолдау мақсатында «Қолөнершілер үйі» ашылды. Мұнда 5 шеберхана жұмыс істеп, өнімдерін сату үшін арнайы алаң дайындалған. Бұйым жасаушылар түрлі көрмелерге қатысып, шеберлік сағаттарынан тәжірибе жинауға мүмкіндік алған.

 

Сара Мәдиева, Жамбыл облысы бойынша креативті индустрия саласын үйлестіруші:

- Облысымыздағы қолөнершілердің тарапынан 3-4 жоба бар. Сол жобаны өздерінің деңгейін көтеру мақсатында, жұмыс барысында жұмыстарының ауқымын үлкейту мақсатында жасалынған жобалар. Енді келешекте біз сол жобаны Креативті индустрия қорына ұсынатын боламыз. Ары қарай оны қаржылық қолдау мақсатын сол кісілер қарастыратын болады. 

Жамбыл облысында 220-ға жуық шебер бар. Көпшілігі жүннен киім тігіп, тоқыма өнерімен айналысады. Осындай шеберлер ұлттық өнерді жаңғыртып, дәстүр мен шығармашылықтың келер ұрпаққа ұмытылмай жетуіне үлес қосып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә