Алматылық студенттер қаламгер Есболат Айдабосынмен кездесті

Алматыдағы Абай университетінде белгілі қаламгер, білім ордасының түлегі, журналист Есболат Айдабосынмен әдеби-танымдық кездесу өтті.

Рухани кешке белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Бекен Ыбырайым мен Елдос Тоқтарбай арнайы қатысып, қазіргі қазақ прозасының өзекті мәселелерін ортаға салды. Олар автордың жанрлық ізденістерін оң бағалап, ұлттық әдебиетке қосқан үлесін атап айтты. «Суреткердің қоғамдағы өзекті түйткілдерді кейіпкер бейнесі арқылы ашудағы шеберлігі мен тілдің қазақы бояуын сақтауы ерекше», - дейді сыншы Бекен Ыбырайым. Есболат Айдабосын студенттермен еркін форматта сұхбат құрып, жазушылық өнер туралы әңгімелеп берді. Ол кейіпкер сомдау мен ойды көркем шығарма деңгейіне көтерудің қиындығы мен қызығын тілге тиек етті. Оқырмандар, қаламгердің сиясы кеппеген «Бүкір» шығармасы туралы сұрақтарына жауап алды. 

Есболат Айдабосын, жазушы, журналист:

- «Бүкір» негізі бұл – ат пен адамның тағдыры. Жетім бала, жетім құлын, екеуі де бүкір. Біреуі енеден туабітті бүкір, екіншісін тағдырдың тауқыметі, тұрмыстың тауқыметі бүкір қылған. Өмір соқпағында екеуінің жолы түйіседі, екеуі бір-бірін табады, бір-бірінің бағын ашады былайша айтқан кезде.