Жетісу облысында мәдени шаралардың онкүндігі өтті
«Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне» орай, Жетісу облысының Көксу ауданында мәдени шаралардың онкүндігі өтті.
Балаларға арналған интеллектуалды ойындар, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылып, тарихи тұлғалардың шығармашылығы мен еңбегі насихатталды. Жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар Балпық би кентінде қорытындыланды. 10 мыңнан аса тұрақты оқырманы бар кітапхана ұжымы қордағы жаңа әдеби туындыларды таныстырды. Оқушылар жыр жауһарларын жатқа айтса, жергілікті өнерпаздар ән салып көпшілікке рухани кеш сыйлады. Салтанатты жиын барысында салада ұзақ жыл қызмет еткен кітапханашылар марапатталды.
Жадыра Самажанова, Қ. Жалайыри атындағы орта мектептің кітапханашысы:
- Кітапханшы – негізі автор мен оқырманның арасындағы алтын көпір. Өзім солай түсінемін. Мамандығымды мақтан тұтамын, жақсы көремін.
Әйгерім Түстікбаева, Көксу аудандық кітапханасының директоры:
- Онкүндікпен біздің шарамыз аяқталмайды. Мамыр айында 7 мамыр, 9 мамыр бар, әр айдың өзінде жоспарланған ақын-жазушылармен кездесу өткіземіз, ақпараттық сағаттар өткіземіз. Кітапханадағы жаз фестивалін бастаймыз.