Астанада Ресей мәдениетінің күндері басталды

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени ынтымақтастық арта түседі.

Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері аясында екі елдің мәдени ынтымақтастығының жаңа жобалары талқыланды. Ұлттық музейде өткен жиында мемлекеттік органдар мен шығармашылық индустрия өкілдері – музей, театр, кино және білім беру салаларының мамандары бас қосты. Олар бірлескен бастамаларды іс жүзінде дамыту жолдарын талқылады. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев қатысты.

Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени диалог дәстүрлі сипат алып келе жатқанын атап өтті. Тараптар бірлескен көрмелер, кинофестивальдер өткізіп, түрлі гастрольдер ұйымдастырып келеді. Басқосуда тараптар жаңа бастамаларды талқылап, бірлескен жобалар аясын кеңейтуге ниет білдірді. Ал биыл күзде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясы қорынан алынған туындылар ұсынылатын ХХ ғасырдағы орыс өнері көрмесі ашылады.

Гүләйім Жұмабекова, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры:

- Біз осы екі елдің мәдени ынтымақтастығы негізінде біздің ең басты міндетіміз - біздің қазақтың ұлттық мәдени құндылықтарымызды насихаттау. Осы күнге дейін көптеген басқа да Ресей музейлерімен бірігіп, көрмеден бөлек, шеберлік сабақтар өткізіліп, жас мамандарды стажировкаға шақырған болатын.  

Ресей Федерациясының Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев екі ел арасындағы мәдени байланыс жылдар бойы нығайып, ортақ құндылықтарға негізделгенін атап өтті. Тараптар музей, театр, кітапхана ісі сынды бағыттарда әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті.

Андрей Малышев, РФ Мәдениет министрінің орынбасары:

- Біз Қазақстанмен мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Бауырлас Қазақстан Ресейдің мәдениет қайраткерлерін ерекше ықыласпен қарсы алып келеді. Бұл екі елді ортақ мәдени кеңістік, рухани құндылықтардың сабақтастығы байланыстырып отырғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Сондай-ақ Ресейде өткен Қазақстан мәдениеті күндерін де ыстық ықыласпен еске аламыз. Ол маңызды оқиғаға айналып, шығармашылық байланыстарымыздың жоғары деңгейін танытты. Бүгін біз үшін алдағы жылдардағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылау аса маңызды.   

Дөңгелек үстелде музей ісіне басымдық берілді. Ұлттық музей мен Петр I атындағы Антропология және этнография музейі қазақ этнографиялық материалдарының каталогын бірлесіп әзірлеу жөнінде келісімге келді. Бұдан бөлек Мемлекеттік Эрмитажбен бірлесіп, 2027 жылдың күзіне жоспарланған жаңа археологиялық көрмелер мен өзара экспозициялар дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар реставрация саласындағы әріптестік те жандана түсті. Кездесуде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ресей Федерациясының Ресей этнографиялық музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Юлия Купина, Ресей этнографиялық музейінің директоры:

- Бұл жұмыстар шамамен 125 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ресей этнографиялық музейіне алғаш түскен коллекциялардың бірі Орталық Азияға, әсіресе Қазақстанға қатысты болған. Қазір ауқымды қор жинақталған. Біздің басты міндетіміз - музей қорларын зерттеу, сақтау және цифрландыру. Көрмелер арқылы біз жәдігерлерді олардың тарихи мекенінде халыққа таныстыра аламыз.   

Сонымен қатар Астанада Ресей киносының фестивалі басталды. Шара Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында өтіп жатыр. Таңдаулы туындылар топтасқан кинофестиваль 26 сәуірге дейін жалғасады. Фестиваль бағдарламасында ауқымды аудиторияға арналған түрлі жанрдағы фильмдер топтастырылған. Көрші елдің таланттары қоржындарында бірнеше туындыларын алып келген. Көрерменге ұсынылған алғашқы сый  Ресей Федерациясы мәдениет министрінің арнайы құттықтау хаты. Жылы лебізін шара шымылдығын ашқан "Роскино" ұйымының бас директоры оқып берді.

Эльза Антонова, Роскино бас директоры:

- Бізде жаңа идеялар мен жобалар көп. Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы бірлескен жаңа жобалар туралы келісімдер белсенді талқыланып келеді. Бұл біз үшін маңызды қадамдардың бастауы болмақ. Қазірдің өзінде жоспарымыз қарастырылып жатыр. 

Ресейдің Қазақстандағы Мәдениет күндерінің ашылуы ауқымды гала-концертке ұласты.  Екі елдің мәдени байланысын нығайтатын маңызды жоба аясында елорда сахнасында Ресейдің таңдаулы жұлдыздары өнер көрсетті.

Астана төрі өнер думанына айналды. Астана Опера театрының сахнысанда  түрлі халықтардың әуені мен биі ерекше түрлене түсті.  Ресейдің танымал өнерпаздары - халықаралық байқаулардың лауреаттары кештің көрігін қыздыра түсті. 

Александр Совостьянов, "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының директоры:

- Бұл мәдениет күндері – екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң. Бүгінгі концерт мәдени достық пен көптеген жылдар бойы сақталған дәстүрдің әдемі көрінісі десек болады. Ресейлік әріптестерімізге алғысымыз зор.

Кеште өнер көрсеткен ұжымдар көрерменге ерекше ықылас сыйлады.

Марина Куклина, "Гжель"Мәскеу мемлекеттік академиялық би театрының директоры:

- Біз бүгінгі концерттік бағдарлама арқылы адамзаттың достыққа деген шынайы көзқарасын жеткізгіміз келді. Біздің ұлттық ұжымдар бар өнерін көрсетіп, көрерменге ерекше ықылас сыйлады. Ежелден көрші қос елдің достығын әуезді ән, мыңбұралған би арқылы жеткізуге тырысты. 

Айта кетейік, бұған дейін Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері жоғары деңгейде өткен еді. Бұл екі ел арасындағы мәдени әріптестіктің нақты көрінісі бола білді. Ал Астанада басталған мәдени күндер – сол достықтың жаңа белесі.

Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап