Жаңаөзенде «Бес асыл» ұлттық өнер сайысы өттІ
Жаңаөзенде «Бес асыл» атты ұлттық өнер сайысы өтті.
Республикалық командалық байқауда Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының өнерпаздары бақ сынады. Мәдени шара қорытындысында қазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталды.
Командалық сайыста әр өңірдің намысын бір жетекші, төрт айтыскер ақын және танымал күйші-термешілер қорғады. Дәстүрлі байқау сүре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы секілді бірнеше кезеңге бөлінді. Қатысушылар күй, жыр-терме және дәстүрлі ән бойынша өз өнерін көрсетті. Көпшілік өнерпаздардың суырыпсалма шеберлігін, сөз мазмұны, сахна мәдениетін сақтау қабілетін жоғары бағалады.
Қуаныш Сүйебаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Халықтың айтыс өнері дейміз немесе бес асыл дерегінде өткен өте жақсы көріністер паш етілді. Соған халқымыздың қуанышы ұзағынан болды. Әсіресе, ұлағатты серімен келешек ұрпаққа көрсетілген өнеріміз талқыланып, ұзағынан болсын деп біз қуанышты болып бара жатырмыз. Өнеріміз таси берсін.
Байқау барысын еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы саралады. Кешті ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. Шара қорытындысында Маңғыстау өнерпаздары жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Екі команданың айтыскерлері де арнайы диплом, қаржылай жүлдемен марапатталды.
Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласының әкімі:
- Өткен жылы осы жерде Әужекен ағамыз бастаған, Жүрсін Ерман ағамыз бастаған бірнеше азамат Жаңаөзен қаласына келіп, үлкен айтыс бастау алған болатын. Алла сол уақыттағы тілегімізді қабыл етіп, биыл міне облыс әкімінің қолдауымен үлкен өнер күні өтіп жатыр. Ән, күй, терме, барлығы бір арнаға тоғысып үлкен мереке болып жатыр. Сондықтан қазақтың өнері мәңгі қалықтасын дегім келеді.
Айта кетсек, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» бастамасымен өткен сайыс Маңғыстау облысы әкімдігі және «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев