Қызылордада ерекше музей бар

Қызылордада ерекше көшпелі музей бар.

Онда екі мыңға жуық жәдігер 50 шабаданға жиналған. Құнды экспонаттарды ардагер ұстаз Күләш Алматшаева елдің әр түпкірінен іздеп тауыпты.

Екі жүз жыл болған ат арба, киізден жасалған жайнамаз, Алаш арыстары Мұстафа Шоқай мен Сәкен Сейфуллиннің портфелі. Музейден ел тарихының әр кезеңіндегі құнды жәдігерлерді кездестіруге болады. 75 жастағы ұстаз мұның барлығын жинауға жарты ғасырға жуық өмірін арнаған. 

Күләш Алматшаева, ардагер ұстаз: 

- Менің бар ұлттық құндылықтарды балаға жас кезінен, мектеп, балабақшадан,, үй тәрбиесінен бастағым келді. Сол үшін мен осы дүниені жинай бастадым. Өйткені, ұлттық тәрбие ең негізгі тәрбие ғой. Оның барлығын балаларға жеткізу — біздің мақсатымыз.

Мұнда сұрапыл соғыс жылдары жауынгерлер тұтынған заттар да аз емес. Күләш Алматшаева «Чемодандағы музеймен» түрлі көрмелерге қатысып, жеңімпаз да болған. Қаржылай жүлдесін музей қорын толықтыруға жұмсайды екен. Тіпті еңбекақысының бір бөлігін жәдігер сатып алуға бөлуді үрдіске айналдырған. Сан ғасырлық тарихты көз алдыңа әкелетін бұл заттарды мектеп ұстаздары сабақ барысында жиі пайдаланады.

Виолетта Совет, оқушы:

- Тарих сабағында мұғалім бізге өткенімізді, тарихымызды бізге түсіндіріп, айтып беретін. Біз оны өзіміздің көз алдымызға елестеткендей болатынбыз. Ал осы мұражайға келген кезде біз өзіміздің тарихымызды, сол жерде болғандағыдай сезінеміз. Және де осы мұражайдан кейін үйге барған кезімізде көзқарасымыз өзгеріп кетедІ.

Ұлағатты ұстаз Күләш Алматшаева - Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Ол өскелең жасқа өнеге болар бастамасын әлі де жетілдіре беруді көздеп отыр. «Чемодан музеймен» ел аралай жүріп, жастарға  ата-баба жолын тереңірек таныстыруға ниетті.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев