Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясының мерейтойлық концерті өтті
Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының тәлімгерлері көпшілікке мерейтойлық есеп беру концертін ұсынды.
Болашақ артистер үшін бұл - оқу жылындағы ең маңызды оқиғалардың бірі саналады. Шығармашылық кеш Астана балет сахнасында өтті.
Сахналық қойылым мазмұнға толы әрі алуан түрлі образға бай. Классикалық және заманауи хореография туындыларынан сан қырлы стильдік көзқарас байқалады. Жас өнерпаздар отандық балетмейстерлердің үздік туындыларын шебер орындады. Бұл - Қазақ ұлттық хореография академиясының мерейтойлық оныншы концерті.
Гүлнар Әлиева, Қазақ ұлттық хореография академиясы Концерттік қызмет және сахналық практика бөлімінің басшысы:
- Біздің балалар өте дарынды. Олар кәсіби театр әртістері орындайтын күрделі қойылымдарды билейді. Біз, шынын айтқанда, жоғары талап қойып, театрлар үшін әртістер дайындаймыз. Олар үлкен театр сахнасына жол тартқанға дейін би өнерін жан-жақты меңгеріп шығуы керек. Сондықтан біз қоятын талап деңгейі өте жоғары.
Бірінші бөлімде Рикардо Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінен үзінді ұсынылды. Екінші бөлімде жылы бойы дайындалған классикалық, заманауи және ұлттық хореографияның үздік нөмірлерін біріктірген концерттік бағдарлама көрсетілді. Көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына жазылған «Аққулар» хореографиялық композициясын да ерекше ықыласпен қабылдады.
Әсет Мырзақұлов, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы:
- Осы концертке дайындық кезінде балалардың үстінгі жақ қимылдарына көп мән бердік. Өйткені бұл киелі сахна болғаннан кейін балаларға сахнада тәрбие беріп, қалай өзін көрсету керек соған мән бердік. Қол, аяқ, дене бітіміне көп мән бердік.
Дәстүрлі есеп беру концерті - Академия тәлімгерлері мен ұстаздардың табанды жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды сәт. Өнер сүйер қауым үшін – дарынды жастардың шығармашылық жолының қалыптасуын бағалайтын маңызды шақ.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Артём Грапов, Досбол Байділдин