Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
Түркістан қаласын 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсыну бастамасы көтерілді, деп хабарлайды «24KZ»
Бұл күндері Ресей Федерациясының Қазан қаласында Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы – ИСЕСКО Бас конференциясының 15-ші сессиясы өтіп жатыр. Жиынға ұйымға мүше 53 мемлекеттің өкілдері қатысуда.
Конференция барысында қатысушылар ұйымның 2020–2025 жылдар аралығындағы қызметін қорытындылап, 2026–2029 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын талқылады. Құжатта алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар айқындалған.
Жиын аясында Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылуы Қазақстан үшін маңызды мәдени бастамалардың бірі ретінде қарастырылды.
Конференцияда ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли соңғы жылдары Қазақстанның бірқатар мәдени мұралары Ислам әлемі тізіміне енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Тоғызқұмалақ» ойыны, «Ою-өрнек» сәндік-қолданбалы өнері және «Қармақшы жыраулары» дәстүрлі өнер мектебі бар.
Сонымен қатар қазақстандық тарап 2026 жылы Алматы қаласында әл-Фарабидің адамзат өркениетіне қосқан үлесіне арналған ІІ халықаралық конференция өтетінін хабарлады. Іс-шара ИСЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ИСЕСКО Бас конференциясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Форум гибридті форматта өтіп жатыр.