Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды
Бүгін көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат әрі түркі әлемінің ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды,деп хабарлайды «24KZ»
Оның есімі отандық әдебиет тарихы мен еліміздің мәдени дамуында айрықша орын алады. Қаламгердің бай шығармашылығы, азаматтық ұстанымы мен ауқымды ағартушылық қызметі - халыққа, елге және бейбітшілік мұраттарына адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Олжас Сүлейменов - сөзі әдебиет шеңберінен әлдеқайда асып, тұтас қоғамдық ойға ықпал еткен бірегей тұлға. Ол «Аз и Я» секілді іргелі еңбектері арқылы ұлттық тарих, тіл және рухани мұра мәселелерін терең зерделеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты. Оның қоғамдық қызметінде халықаралық «Невада -Семей» антиядролық қозғалысын құру бастамасының орны бөлек. Бұл қозғалыс жоғары азаматтық жауапкершіліктің, бейбітшілікке ұмтылыстың және адамзат болашағын қорғаудың символына айналып, халықаралық қоғамдастық тарапынан кеңінен мойындалды.
Мұндай бірегей тұлғалардың мұрасын сақтау және насихаттау - мемлекеттің мәдени саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын дәріптеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұған дейін жазушының қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартқан болатын.
Бұл жұмыстар мерейтой жылында да жалғасын табады. Жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жыл» және «Аз и Я» фотоальбомдарын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар кейін еліміздің барлық көпшілік кітапханаларына таратылады. Сонымен қатар республика көлемінде қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Олжас Омарұлын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, қаламгердің баға жетпес шығармашылық мұрасы келешек ұрпаққа рухани азық болып, еліміздің өркендеуіне қызмет ете беретінін атап өтті.