Бүгін – Халықаралық музей күні
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Министр өз құттықтауында музейдің ұлт тарихын, мәдениеті мен рухани мұрасын сақтаудағы маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ бүгінде Қазақстанның музей саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның музей саласы – ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан жүйе. Елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл сандардың артында көрмелерге деген қызығушылық қана емес, қоғамның өз тарихын танып-білуге, мәдени сабақтастықты сақтауға деген терең сұранысы тұр
Бұдан бөлек, министр музейлердің ғылыми-зерттеу және ағартушылық бағыттағы заманауи орталықтарға айналып келе жатқанын жеткізді. Өткен жылы республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізгенін атап өтті. Сонымен қатар музей қорларын цифрландыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
Музей саласын цифрландырудың да маңызы ерекше. Бұл жұмыс музейлермен қатар музей-қорықтарда да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде келушілерге ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды кіру жүйесі енгізілді. Сонымен бірге E-museum бірыңғай цифрлық кеңістігі дамып келеді, – деді Аида Балаева.
Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтеді. Оның аясында музейлерде кешкі экскурсиялар, арнайы көрмелер, интерактивті бағдарламалар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.