Алтын орда дәуіріндегі өркениет
Алтын Орда мұрасы Арқа төсінде қайта жаңғырды.
Астанадағы халықаралық симпозиум аясында ұйымдастырылған «Ат жалындағы өркениет» атты көрме - Еуразия кеңістігінде өмір сүрген алып империяның тарихын түгендей түсті. Ұлы Дала өркениетінің саяси, мәдени және ғылыми тұстары қазіргі заманға сай қайта түрленді.
Алтын Орда тарихына қатысты көрмеде археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер көп қойылған. Ұлы далада салтанат құрған алып империяның орасан өркениетін оқыған болсаңыз, мұнда көзбен көргендей боласыз. 70 археологиялық және сәулеттік ескерткішті қамтитын интерактивті карта, соның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация бар. «Хандар шежіресі» атты қолжазба баға жетпес жәдігерлердің бірі. Онда дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар туралы гддденеалогиялық мәліметтер қамтылған. Жазба мұралар арасында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат пен 21 қолжазба түпнұсқа және электронды форматта ұсынылған. Ең қызығы ІТ мамандар археологтармен бірлесе отырып, Алтын Орда дәуіріндегі сарбаздардың сауыты мен шайқас алаңындағы қимылын бейне арқылы көрсеткен. Міне, заманауи көрме деп осыны айт.
Мақсатбек Сатымбеков, Шәкәрім университетінің цифрлық офицері:
- Әскери іс осы әскер соғысты және Алтын Орда кезінде қандай тактикамен соғысты. Осы екі видеоны бізге берілген тапсырма болатын. Ол жерде ЖИ-ге қатысты цифрлық деталдарды қолдандық. Оларды біз тек отырып жасай салмадық оның тарихына терең үңілдік. Видеоның жоғары деңгейде шығу үшін біз әр деталін зерттедік.
Қазір ІТ мамандар ғалымдармен бірлесіп тарихты жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртуға септігін тигізіп жатыр. Мәселен, отандық мамандар жарты жылдай уақытта Шағатай тілінің мәтінін танып оны қазақшалайтын деңгейге жеткен. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш немесе матадан жасалған бұйымдарды қайта қалпына келтіруді жеңілдететін жасанды интеллект арқылы жоба жасап шығарған.
Бейбіт Әбдікенов, Астана ІТ университеті Ғылыми инновация және жасанды интеллект орталығының директоры:
- Қазір гуманитарлық білім тарих саласында ЖИ қолданып жобалар жасап жатырмыщ. Оның бірі Шағатай тілінің тілдік мәтінін тану моделін жасау. Жоба деңгейінде біз Астана ІТ, ғылым ордасы, Ахмет Иассауи университеті және Гарвард университетімен бірлесіп үлкен жоба жасап жатырмыз. Бұл тілдік модел кейін жаңағы мәтінді талдау мен қазақ тіліне аударуда көмектеседі.
Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Осы бағытта ізденіс аясын кеңейтіп, империяның мұрасын тереңінен зерттеу маңызды. Яғни алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Осы тұста бір емес бірнеше саланың ғалымдары Алтын Орда дәуірін зерттеуде белсенді жұмыс істеп жатыр.
Ахан Оңғарұлы, Марғұлан атындағы археология институтының директоры:
- Мемлекет және билік дегенде біз нені көрсеткіміз келді. Біз Алтын Орда Ғұндардан кейін үлкен далалық аумақты қамтыған екінші империя болды. Империя деп толығымен айта аламыз. Яғни далалық өркениеттің ерекше үлгісін жасады. 300 жыл бойы Шыңғыс, Жошы ұрпақтары осы даланы биледі. Біз олардың гениалогиялық шешіресін көрсетуге тырыстық. Керей мен Жәнібекке дейін көрсеттік.
Көрме аясында келушілерге тақырыптық бейнематериалдар мен интерактивті мазмұн ұсынылды. Тәуелсіздік Сарайындағы көрмеден Қолжазба мен мұрағат материалдары арқылы дала өркениетін, қалалық мәдениеттің жоғары деңгейін көруге болады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов