Қазақ киносының бүгіні қандай?
Креативті экономиканың маңызды бөлігі – қазақ киносы дамудың даңғыл жолында, алайда олқылықтар да жоқ емес.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың сөзінше, салада қаржылық ашықтық керек. Инфрақұрылым тапшылығы мен креативті мамандықтарға арналған білім гранттарының қат болуы да күн тәртібіндегі күрмеулі мәселелер қатарында. Отандық киноның өркендеуіне тағы не кедергі?
Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 4-5 кедергіні атап өтсек болады. Оның ең біріншісі және біздің кассалық түсімді ешқандай бақылаудың жоқтығы. Ол жерде негізі системаны орнатуға министрлік жұмыс жасап отырғанымен, көп кинотеатрлар қарсы. Кейбір сайттардың мәліметінше, 22 млрдтан 44 млрдқа дейін түсім бар дейді. Ойлаңызшы, 22 млрд деген тек қана статистика болса, 44 млрд түсуі мүмкін. Білмейміз, оны бақылайтын ешқандай құрал жоқ. Сондықтан осы саланы нағыз бақылау керек деп ойлаймын. Өйткені салық төленуі керек қой.
Бұған қоса, мәжілісмен ребейт мәселесін, яғни шетелдік киногерлердің табыстық қайтарымын кеңейту керектігін жеткізді. Кинотеатрлар санын арттырып, түсірілімге қажетті кино павильондар қатарын көбейту қажеттігін де алға тартты.
Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген инфрақұрылымның ескіруі. Біз тек «Қазақфильмді» ғана айта береміз ғой. Мүмкіндік барлығына беруіміз керек.
Ал кинотанушы Динара Бабақбаева отандық киноның өрге жылжуына саладағы маман тапшылығы басты кедергі дейді.
Динара Бабақбаева, кинотанушы:
- Ең бірінші мен астын сызып айтар едім, ол кәсіби продюсерлердің жоқтығы. Продюсерлер бар, бірақ ол кәсіби емес. Көптеген кинолар түсіріп жатыр, түсіп те жатыр. «Мысалға бізде Жүргеневте жыл сайын кәсіби продюсерлер шығып жатыр. Өнер университетінде көптеген кәсіби продюсерлер шығып жатыр, иә? Олардың барлығы қайда кетіп жатыр? Телевизиялық бағдарламалардың көлемінде ғана шектеліп жатыр.
Мемлекеттік қаржыландыру көмегімен 7 жыл ішінде 150-ге жуық жоба түсірілген. Жыл басынан бері тағы 24 фильм продакшн сатысына өтіп, жуық арада көрерменге жол тартпақ. Оған 3 миллиард 800 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. «Отандық нарық үшін аз сома емес, сондықтан қаржылық қадағалау тетігі соңғы жылдары әжептәуір күшейтілді», - дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы.
Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:
- Біз компанияларға лимит қойғанбыз. Егер де ол тарихи болатын болса, 500 миллионға дейін. Ал егер ол қарапайым, өмірде болып жатқан оқиғаларға сәйкес келетін болса, 200-250 миллион. Екіншіден, біз қаражатты «Мінекей, сіз ұттыңыз. Мынау сіздің ақшаңыз» деп бере салмаймыз. Біз бірінші 30 пайызын береміз. Сосын барып, 30 пайыздың атқарылған жұмысын тексереміз. Сосын барып, егер дұрыс атқарылса, одан кейін ары қарай 20-30 пайызын деген сияқты бірте-бірте кезең-кезеңімен беріледі.
Мемлекеттік грантты ұтып алған компания фильм киноэкрандарға жол тартқан соң одан түскен таза табыстың 20 пайызын ғана Ұлттық кино орталығына қайтарады. Табыстың қалған 80 пайызы компанияның өзінде қалады. Сондықтан мұндай қолдауға иек артатындар аз емес. Алайда киносыншы Гүлнар Әбікееваның айтуынша, оларды іріктеу мәселесі майшаммен қаралуы тиіс.
Гүлнар Әбікеева, киносыншы:
- Қазір мемлекеттік қаржыға түсірілетін киноларды жазушылар мен ақындар тексереді. Ал негізі сценарийлерді оқитын да, жақсысын іріктеп алатын да киногерлер, режиссерлер, сценаристтер болуы керек. Мемлекеттік қаржыға түсірілетін кино әлеуметтік маңызға ие болуы қажет.
Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:
- Біз конкурстан жеңіп алған азаматтарды, компанияны бірінші толық тексереміз. Яғни ол компанияның тарихы дұрыс болмайтын болса, ол компанияның бұрын атқарған жұмыстары жауапкершілігі төмен болатын болса, біз ол компанияларды қолдамаймыз. «Біздің мемлекет тарапынан дұрыс, ертеңгі күні есте қалатын, мақтанып айта алатын дүниелерге біз қолдау жасаймыз.
Авторлық құқықтың тиісті деңгейде сақталмауы да отандық киноның дамуына үлкен тежеу боп тұрғаны жасырын емес. Кинотеатрларға шыққан өнім ертеңінде жабық Телеграм арналарына жүктеліп, заңсыз ақша айналымының туындауына түрткі боп отыр. Ал мұнымен заңдық тұрғыда ғана күресті күшейту жеткіліксіз. Азаматтардың саналы түрде киногерлердің өніміне құрметпен қарап, заңсыз әрекеттерден іргесін аулақ салуы ауадай қажет.
Авторлары: Назым Кенжебай, Асхат Қарақойшиев