Филолог Жәкен Молдажаровтың туғанына 95 жыл толды
Биыл белгілі филолог, ғалым Жәкен Молдажаровтың туғанына 95 жыл толды. Ол саналы ғұмырын қазақ тілін дамытуға арнады.
Жәкен Молдажаров «Қазақ лингвистикалық терминологиясының қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Стилистиканы зерттеумен айналысты. 80-нен аса ғылымы еңбектің авторы. 1964 жылы алғаш рет ағылшын тілі мұғалімдеріне арнап оқу құралын жазды. Бүгін Жәкен Молдажаровтың 95 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жиын өтті. Оған белгілі ғалымдар, шәкірттері мен студенттер қатысты.
Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Неге бұл профессор Молдажаровқа арналып отыр? Өйткені бұл кісі сонау жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдары бізде елімізде бір-ақ оқу орны болған. Ол Алматы педагогикалық шет тілдері институты. Сонда қазақ бөлімін ашқан. Сол қазақ бөлімінің студенттеріне ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқулықтар жазуға, оқу құралдарын дайындауға үлкен үлес қосқан.