«Халық әуені» гастрольдік сапары

Қостанай облысына қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі гастрольдік сапармен барды.

«Халық әуені» атты концерттік тур өңірдің бірнеше аудан-қалаларын аралап, көрерменге ұлттық өнердің жауһарларын ұсынды.

Төл өнеріміздің классикалық туыныларын жиналған қауым ыстық ықыласпен тыңдап, қосыла ән шырқады. «Халық әуені» концерттік туры Тобыл жерінің тұрғындары үшін тағылымды мәдени кешке айналды. Халық аспаптар оркестрі Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды ұлы күйшілердің шығармаларын орындады. Көрермен ұлттық және әлемдік өнердің інжу-маржандарын тыңдады.

Алтынбек Ахметов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі директорының орынбасары:

- Гастрольдік турдың жалпы мақсаты шалғай жатқан елді мекендердегі тұрғындарымызға, қала қонақтарына дәстүрлі халық музыкасын, дәстүрлі күй өнерін, әндерін паш ету мақсатында келіп отырмыз. Бұл жобада Құрманғазы оркестрімен бірге солистіміз ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова апайымыз бірге келіп отыр.

Өнер иелері ел ішінде ән салып, қалың көрерменнің ықыласына бөлену - зор құрмет, - дейді.

Жеңіс Ысқақова, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Қостанайлықтар үшін бұл үлкен мереке деп түсінемін. Өйткені біз қазір өсіп келе жатқан ұрпағымызды мәдениетімізбен, ұлтымыздың әнімен, музыкасымен сусындатуымыз керек, оларды тәрбиелеуіміз керек. Классикаға айналған композиторлардың әндерін жас ұрпаққа жеткізу біздің тікелей жұмысымыз.

Манарбек Құмаров, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Құрманғазы атындағы оркестр алғаш рет келіп жатыр. Мәдениет үйінің атынан үлкен алғысымды білдіремін. Себебі бұл дегеніңіз қазақилықты таныту. Осындай оркестрлер, керемет әншілер Лисаков қаласына келіп тұрса деймін.

Гастрольдік тур - өнер арқылы ел мен елді, ұрпақ пен дәстүрді байланыстыратын көпір іспетті. «Халық әуені» – руханиятты жаңғыртып, ұлттық музыкалық мұраны жаңа форматта насихаттауға бағытталған мәдени бастама. Жоба елдің 17 өңірін қамтиды.

Авторы: Рухани Әбдірахман