Әлемдік трендке айналған тректің авторы Көкшетау тумасы болып шықты
Әлеуметтік желілерде кең таралып, әлемдік трендке айналған музыкалық тректің авторы Көкшетау қаласының тумасы екені белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ» sinegor.kz Instagram парақшасына сілтеме жасай отырып.
Бұл туралы Астанада өткен «Creative Aimaq» көрмесінде белгілі болды. Бүгінде аталған туынды TikTok, Instagram және өзге де әлеуметтік желілерде кеңінен қолданылып келеді.
Музыкалық шығарма Spotify платформасында 5 миллионнан астам тыңдалым жинаған. Ал осы әуенді қолданылған бейнероликтер миллиондаған қаралымға ие болып, әлемдік трендке айналған.
«Spotify платформасында 5 миллионнан астам тыңдалым жинаған трек бүгінде әлем бойынша миллиондаған бейнероликте қолданылып жүр. Танымал туындының авторы – Көкшетау қаласының тумасы.»
Көрме барысында ұйымдастырушылар музыкантпен сұхбаттасуға ниет білдірген. Алайда өнер иесі көпшілік назарынан тыс қалып, шығармашылығына басымдық беретінін айтып, сұхбат беруден бас тартқан.
Соған қарамастан, жерлесіміздің халықаралық аудиторияға танылуы өңір жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш. Оның шығармашылығы бүгінде әлемнің көптеген елінде тыңдарманын тауып отыр.