Талант Арғынғали: «Қазақ отбасыларында орысша сөйлейтін балалар өсіп жатыр»
Белгілі ақын Талант Арғынғали «Azamat Life» YouTube арнасына берген сұхбатында бүгінгі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді қозғады. Ақын қазіргі эстрадалық әндердің мәтіні, тіл шұбарлығы және ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзін мазалап жүрген өзекті ойларын ортаға салды, деп хабарлайды «24KZ».
Талант Арғынғалидың пайымдауынша, кез келген ән мәтіні алдымен көркемдік талаптарға сай келуі тиіс, қазіргі хит әндердің сапасы көңіл көншітпейді.
Небәрі үш минут ішінде айтылып шығатын әннің басы мен аяғы, белгілі бір айтар ойы болуы керек. Өкінішке орай, қазіргі туындыларда бұл заңдылық мүлдем сақталмайды. Тіпті, сөйлем құрылымының өзі логикалық тұрғыдан дұрыс құралмайды. Қазір жастар ән мәтінін де, әуенін де өздері жаза беретін болды, - дейді ақын.
Сұхбат барысында ол кезінде танымал «Ninety One» тобының әндерін де талдап, сын елегінен өткізгенін тілге тиек етті:
Иә, олардың замандастары, бүгінгі жастар сол әндерді жақсы қабылдап, тыңдап жүр. Бірақ уақыт бір орнында тұрмайды, олар да есейеді, қартаяды. Ертең егде тартқан шақта "біздің жас күнімізде осындай мәнді әндеріміз болды" деп мақтанышпен айта алатындай, кейінгі ұрпақтан ұялмайтындай сапалы дүние қалдыру керек. Болашақты да ойлау қажет қой. Соны түсінбей, жеңіл-желпі дүние шығарса, кейін өздеріне қиын болады.
Ақын шығармашылық ортада жүрген жас композиторлар мен орындаушы жігіттермен жеке кездескенде де бұл ескертуді үнемі айтып отыратынын жеткізді. Оның айтуынша, жастардың көбі тек «хит» болуды ғана көздейді.
Жастармен жолыққанда: "Мына ән тезірек хит болсыншы деп, мәтінді былай өзгерте салайықшы" дегенді жиі естимін. Әнді қыңыр-қысыр сөздермен, сырттан келген жат тіркестермен былғамау керек.
Хакім Абайдың: Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол -ақынның білімсіз, бейшарасы», - деген алтын қағидасы бар. Қазақтың төл сөзі, ана тіліміз бұзылмауы тиіс. Әр нәрсенің ертең іздеуі мен сұрауы болады. Сол уақыт келгенде қарабет болмайтындай, ұятқа қалмайтындай деңгейде жұмыс істеу керек.
Ақынды ән сапасынан бөлек, бүгінгі қазақ отбасыларындағы тілдік ахуал да қатты алаңдатады. Отбасылық құндылықтар мен жаһанданудың теріс әсері туралы ол былай деді:
Қазір ең өкініштісі - әкесі де, шешесі де таза қазақша сөйлейтін отбасыларда орыс тілді балалар өсіп жатыр. Мұның бәрі — әлеуметтік желі мен қолынан гаджет түспейтін заманның кесірі. Бала тәрбиесіне, оның тілінің қазақша шығуына мән бермей жатырмыз. Бүгінде мені қатты мазалайтын, жаныма бататын үлкен мәселе.