Ортақ түркі әліпбиінің қазақша нұсқасы бекітілді

Ортақ түркі әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінің үлгісі бекітілді. Жаңа нұсқа 32 әріптен тұрады. Бұл шешім Астанада өткен Ортақ түркі әліпбиі комиссиясының төртінші отырысында қабылданды.

Сондай-ақ қырғыз жазуының нұсқасы да мақұлданды. Алқалы жиынды Түркі академиясы ұйымдастырды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сондай-ақ бақылаушы елдерден келген ғалымдар жаңа жазуды қолдануға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, оны тәжірибеде енгізу жолдарын талқылады. Нәтижесінде бастаманы қолдайтын декларацияға қол қойылды. Сарапшылар "енді комиссияның төртінші отырысында қабылданған жаңа құжат ортақ түркі әліпбиін қолдануға арналған негізгі анықтамалық материал болады", - дейді.

Айнұр Маемерова, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

- Жиын кезінде екі отырыс өтті. Комиссия мүшелері ортақ түркі әліпбиі негізіндегі қазақ және қырғыз тілдері үшін ыңғайластырылған әліпбиді талқыға салды. Жиын нәтижесінде қазіргі қазақ тілі үшін және қазіргі қырғыз тілі үшін ыңғайластырылған ортақ түркі әліпбиінің нұсқасы қабылданды.