Нобель сыйлығының иегері Мо Янь қазақ қаламгерлерімен кездесті

Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында әлемдік әдебиеттің аңызы, қытай жазушысы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Янь қазақ зиялы қауымымен және қаламгерлерімен кездесті, деп хабарлайды "24KZ".

Тұғырлы қаламгердің елімізге сапары - отандық мәдениет кеңістігіндегі жылдың ең басты оқиғаларының біріне айналды. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген мәртебелі қонақ кітапхананың бай қорымен танысып, тарихи және мәдени құндылығы жоғары қолжазбалар мен сирек кездесетін құжаттар жинағын тамашалады. Мәртебелі мейманға қазақ халқының бірегей жәдігерлері, ұлттық құндылықтары, Күлтегін ескерткішінің жәдігерлік көшірмесі және отандық мерзімді баспасөз тарихына қатысты материалдар таныстырылды.

 

Еркін форматта өткен жүздесу барысында Мо Янь өзінің шығармашылық ізденістері, жазушылық шеберханасының құпиялары туралы сыр шертті. Шығыс мифологиясы мен реализмді ұштастырған өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер сөз өнерінің қоғам өміріндегі рөлі мен адам болмысын танудағы маңызына ерекше тоқталды.

Қазақ жазушыларымен болған бұл кездесу екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланысты жаңа белеске көтерудің маңызды қадамы ретінде бағаланды. Отандық қаламгерлер тарапынан Нобель сыйлығының иегеріне қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.

Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі жазушының Қазақстанға сапары - Алматы қаласынан басталған болатын. Сапар аясында отандық оқырмандар үшін айтулы оқиға орын алды: Мо Яньның қазақ тіліне аударылған әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағының ресми таныстырылымы өтті. Бұл туындылар орыс немесе өзге тілдердің делдалдығынсыз, қытай тіліндегі түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей және кәсіби деңгейде аударылған. Бұл отандық аударма мектебінің әлеуетін көрсетеді.

Сонымен қатар, мәртебелі мейман шығармашылық сапары барысында жас таланттарға қолдау көрсетті:

Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясында ұйымдастырылған Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебінде арнайы дәріс оқыды;

Отандық жас қаламгерлермен тәжірибе бөлісіп, мәтінмен жұмыс істеудің халықаралық трендтеріне тоқталды.

Қытай прозасының шебері Қазақстаннан алған әсері зор екенін және бұл сапар оның болашақ шығармаларына арқау болуы мүмкін екенін жеткізді.