Павлодарда 5 мың оқушы Ахмет Жұбановтың күйін бір мезетте орындады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Павлодар облысында Ұлттық домбыра күніне орай кең ауқымды мәдени-рухани шара өтті, деп хабарлайды «24KZ».

Іс-шара аясында өңірдегі 5 мыңға жуық оқушы көрнекті композитор, ғалым, Қазақстандағы кәсіби музыкалық білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың «Би» күйін бір мезетте орындады.

Мыңдаған домбыраның қатар күмбірлеуі ұлттық өнерге деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтарға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісіне айналды.

Айта кетейік, биылғы Ұлттық домбыра күні Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мерейтой шараның мәні мен маңызын одан әрі арттыра түсті.

Ауқымды бастамаға «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені, М. Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайы, қосымша білім беру ұйымдары және Павлодар облысының білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты.

Музыкалық колледж өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар жас буынның ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттырып, домбыра өнерінің дәстүрін жалғастыруға ықпал етеді.

Шара соңында қатысушылар ұлттық өнерді ұлықтау – ел руханиятын нығайтудың маңызды бағыты екенін атап өтті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз