Абай Құнанбайұлы табыстаған бірегей домбыра көрмеге қойылды
Шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күніне орай Абай облысында мерекелік іс-шаралар басталды.
Соның бірі Абай музейінде ашылған «Қазағымның үнісің сен – домбыра!» көрмесі. Экспозицияда Абай Құнанбайұлының үш шекті тұмар домбырасы, сондай-ақ Шәкір Әбенұлы, Ахат Шәкәрімұлы және өзге де өнер қайраткерлеріне тиесілі ұлттық аспаптар қойылған. Көрменің мақсаты – домбыраның тарихи және рухани құндылығын дәріптеп, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау. Көрме келушілерді бір ай бойы қабылдайды.
Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры:
- Бұл көрмеде ең бастысы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тұмар домбырасы қойылған. Ол кезінде 1885 жылы Қазақстан тарихында ашылған тұңғыш өлкетану музейіне Абай Құнанбайұлының өзі табыстаған жәдігерлерінің бірі және бірегейі.